Батыс Қазақстанның ең басты мәселелерін шешу үшін жүйелі бағдарлама керек – Виктор Киянский

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі болатыны белгілі. Осы орайда Батыс Қазақстан облысының ең басты мәселелерін шешу үшін не істеу керек? Бұл жөнінде ҚазАқпарат тілшісі белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық экология академиясының академигі Виктор Киянскиймен сұхбаттасқан еді.

-Виктор Владимирович, Оралдан басқа қалада тұрғыңыз келмейді. Себебін айтсаңыз? Жайық өңірі туралы ой-пікіріңізді білдірсеңіз? Бұл өңір несімен ыстық?

Батыс Қазақстан облысы – айрықша өңір. Еуропа мен Азия құрлығын қосып жатыр. Аудандарының жартысы Еуропа бөлігінде болса, жартысы Азия жақ бетінде. Мысалы, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара 7500 шақырымды алып жатқан болса, ол құрлық бойынша әлемдегі ең үлкен шекара сызығы екені даусыз. Соның ішінде Жайық өңірінің де үлесі мол. Батыс Қазақстан Ресейдің бес аймағымен, яғни, Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара және Орынбор облыстарымен шектесіп жатыр.

Бұл өңірдің табиғаты сұлу, жер асты қазба байлығы да мол. Ең бастысы, тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етіп жатқан халқы бар. Көптеген ұлт өкілдері тұрады. Халқының қонақжайлылық мінезі айрықша. Әрбір саналы адам қиындық кездескенде бір-біріне көмектесуді азаматтық парызым деп санайды.

Өзім басқа жаққа бара қалсам, Жайық өңірін аңсап тұрамын. Мысалы, 2007-2016 жылдар аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінің IV және V шақырылымдарына депутат болып сайландым. Елордада тұрдым. Есілдің жағасында жаяу жүретінмін немесе вилосипед тебуді жақсы көрдім. Нұр-Сұлтан ғажап қала ғой! Оған сөз жоқ. 2016 жылы қаңтарда депутаттық қызметім аяқталған соң, техника ғылымдарының докторы, профессор ретінде мені астанадағы бірнеше университет өздеріне жұмысқа шақырды. Қалуымды сұрады. Бірақ мен оларға шынайы алғысымды білдіріп, ешқандай ойланбастан, өзім үйренген, өсіп жетілген жерім Оралға бірден тартып кеттім.

Мен үшін Оралға жететін жер жоқ! Әр адамға туған жері ыстық қой. Алыс кетсең, шақырып тұрады. Басқа жақтан келген адамдар үшін ол ғажайып көрікті қала емес шығар. Алайда, маған Жайық өңірі бар болмысымен ұнайды.

-Сіз Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық жай-күйін жан-жақты білесіз. Осы өңірде туып-өскендіктен, облыстағы əрбір жақсы жаңалыққа қуанатыныңыз анық. Бүгінде Жайық бойында іргелі істер атқарылуда. Өңірді дамыту тұрғысында қандай ұсыныстарыңыз бар?

-Әрине, облыста ондаған жылдар бойы «емі» табылмай, мұра болып келе жатқан «ауру-сырқаулар» бар. Оларды сапалы шешудің жолдары көп адамды толғандыруы тиіс. Бұл – ең алдымен, облыс пен аудандар және елді мекендер арасындағы автокөлік жолдарының мәселесі. Облыстың тағы бір ерекшелігі, Орал қаласы өңірдің солтүстігінде орналасқан, ал біраз аудандары оңтүстік жағында, ара қашықтығы – 350, 400, 500 шақырымдай. Заманауи жолдарды салдыру жалғыз әкімнің ғана міндеті емес. Бұл іске облыстық, аудандық бюджеттерді бекітетін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары да атсалысуы қажет. Республикалық бюджет жобасы қаралған кезде осы өңірден сайланған Мәжіліс пен Сенат депутаттары да автокөлік жолдарын жақсартудың мәселесін үнемі көтеріп келеді.

Мысалы, еліміздің солтүстігін, оңтүстігі мен орталығын аралап көрсеңіз, жолдары тақтайдай. Әрбір мекенге дейін тас жол төселген. Ал біздің батыс өңірі ол жағынан кенже қалып қойған. Орал Қазақстанның Еуропаға шығатын қақпасы ғой. Шетелдік туристер, саяхатшылар ашық күнде шаңы бұрқырап жатқан, ал жаңбыр жауғанда ми батпаққа айналған жолдарымызды көріп: «Мынау қандай жол, қандай облыс?!» деп жағаларын ұстайды. Сондықтан өңірде туризмді пайда əкелетін салаға айналдыру үшін нақты қадамдар жасалғаны жөн. Себебі тарихы бай, табиғаты сұлу Ақ Жайық аймағын тамашалағысы келетіндердің қатары өте көп. Соның ішінде шетелдіктер де қызығушылық танытуда. Дегенмен бұған жолдың нашарлығы бөгет болып тұр.

Бұл өңірде негізгі жолдарға әлдеқашан асфальт төселуі тиіс еді. Қазір Орал-Қазталов-Жәнібек-Сайқын бағытындағы күре жол республикалық бюджет қаражатына салынып жатыр. Дегенмен қарқыны баяу. Сол жолға жақын ірі мекендерге де тас жол тарту мәселесі әлі шешімін таба қойған жоқ. Мұны облыс өз күшімен іске асырса, орынды болар еді.

Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданының орталығы – Сайқынға Жаңақала ауданы арқылы баратын күре жол грейдер күйінде жатыр. Орал-Жаңақала арасындағы 250 шақырымдық жол асфальтталған. Арғы жағындағы 260 шақырымдық жолдың бойында елді мекендер аз емес. Жалпы, өркениетке қарай қадам басқан ел жолдарын түзейді. Біз үшін қай жол да артық етпейді. Сондықтан келешекте Жаңақала-Сайқын жолына асфальт төсеуді қолға алатын болсақ, одан ұтылмаймыз. Ел-жұрттың ырыс-берекесі арта түсері сөзсіз.

Сонымен қатар бұл аймақта тарихи және киелі орындар қаншама? Айталық, Хан ордасы ауылы Оралдан 550 шақырым жерде орналасқан. Тұнып тұрған тарих. Қарағайлы орманды көрікті өңір. Реформатор Жәңгір хан қала салдырған және осы өңірдегі өркениетке бастар жол да, білім мен ғылымға бағыт алған ағартушылық қызмет те сол Ордадан басталады. Бір Орданың өзінен қоғам қайраткерлері, батырлар, ғалымдар, қаламгерлер өте көп шыққан. Егер оған баратын жолда адамдар азап шегіп жететін болса, Орданың орманын көргісі келетін, Хан сарайы мен музейлер кешенін тамашалауға баратын туристерді қалай тарта аламыз?

-Бұдан шығар жол бар ма?

-Менің ойымша, осы аймақтың ең басты проблемаларын шешу үшін жүйелі бағдарлама қажет. Соның ішінде инфрақұрылым мен экономиканы дамытуды, экология және туризмді жақсартуды біртұстас алып қарайтын тармақтар болуы тиіс. Және де ол облыстың барлық қоғамдық ұйымдары мен жұртшылығының қолдауымен және бизнес өкілдерінің қатысуымен іске асырылуы керек. Мүмкін, мұны мемлекеттік-жекешелік әріптестік жоба негізінде жасауға да болады.

Сол секілді суармалы жер алқабын қайта жандандыру керек. Ол ауа райының қолайсыздығына қарамастан жақсы өнім алуға мүмкіндік беретіні анық. Айта кетейін, бұл өңірде ертеректе көктемдегі қар суын сақтап қалудың оңтайлы тәжірибесі болған еді. Оның суын жазды күндері егіс және орманды алқаптарды, шабындық жерлерді суаруға пайдаланылды. Сондай-ақ шағын өзендердің суын үнеммен пайдаланудың маңызы зор.

Батыс өңірі мал шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы. Жоғары өнім алу үшін тиімді тәсілдерді қолданып, малшыларды ынталандырудың жаңа жолдарын табудың маңызы зор.

Біз аты аңызға айналған Жайық өзенінің жағасында тұрамыз. Соңғы жылдары Жайық суының бірнеше есеге тартылып кеткені жасырын емес. Оны сақтауға өз деңгейінде көңіл бөлініп отыр деп айта алмаймыз. Шаруашылық үшін суын үнемдеп пайдалану, туризм мен балық аулау дәстүрін дамыту керек. Бұл – бірінші кезектегі міндет. Жалпы, облыстағы өзен-көлдерді тиімді пайдалануға, экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді бағдарлама қажет-ақ. Мұның барлығы облыс басшылығына халықтың айтар тілегі мен аманаты деп ойлаймын. Бұл ежелден бері қарай қордаланып қалған мәселелер десек те, ерте ме, кеш пе, бәрібір олардың оң шешімін табуға бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Өйткені өңірдегі күрделі мәселелерді шешу арқылы ғана алға баса аламыз. Сонда өндіріс те, ауыл шаруашылығы да өркендейді.

Облыста атқарылуға тиісті істердің ішінде БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы жұмысына баса көңіл бөлініп, қолдау жасалғанын қалар едім. Жайық өңірінде ұлтаралық келісімді сақтау қашанда маңызды мәселелердің бірі болды. Өйткені бірлігі, ынтымағы бар жерде іс те алға басады.

-Сіз айтып отырған проблемаларды шешу облыс басшылығының іскерлігіне, мақсаткерлігіне тікелей байланысты емес пе?

-Әлбетте. Өткен айда облыс əкімі Ғали Есқалиевтің тағайындалғанына бір жыл толды. Өңірді дамыту жөнінде жақсы істерді қолға алып жатқанын естіп жүрміз. Дегенмен аз уақыттың ішінде оның жұмысына баға беру қиын. Бәріне уақыт – төреші. Қалай десек те, оған бұл өңір жақсы таныс. Ол осы облыста туып-өсті, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Ел қатарлы еңбек етті. Облысқа басшы етіп тағайындағанда, бәрін де нольден бастаған жоқ. Жинақтаған мол тәжірибесі мен білімінің арқасында бірден іске кірісіп кетті. Тіпті оны облыс жұртшылығы жылы қабыл алды. Өйткені тұрғындар 1986-1993 жылдар аралығында оның әкесі, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиевтің облысқа басшылық жасағанын ұмыта қойған жоқ. Өте күрделі кезеңде, еліміз жаңа ғана тәуелсіздігін алып жатқан тұста, ішкі қаржы дағдарыстары белең алған шақта ол облыстың экономикалық-әлеуметтік жағдайын тұрақты ұстауға көп еңбек сіңіргенін бәрі біледі. Өңірді жаңа экономикалық қатынасқа көшу жолдарына бейімдеп, қиындықтардан шығу үшін бар күш-жігерін жұмсаған еді.

Алайда, күрделі кезеңдер, сынақтар қайталанып тұрады. Қазір де оңай кезең емес. Жаһанды әуреге салған коронавирус дертімен күрес жағдайында облыстың экономикалық-әлеуметтік тұрақтылығын сақтап, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін түйінді мәселелерді дер кезінде шешіп отыру қай әкімге де оңайға соқпайтыны анық. Алдағыны болжай отырып жұмыс жасау білікті басшының ғана қолынан келеді. Әрбір мәселенің объективті және субъективті себептері бар. Ойға алған жоспарларыңды іске асыру барысында ойламаған жерден туындайтын кедергілердің де көп болатыны жасырын емес. Дегенмен әкімнің жұмысы дұрыс бағытта жүріп келе жатыр деп ойлаймын.

Тұтастай алғанда, іргелі істерді жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Өйткені облыстың экономикалық әлеуеті өте зор.


Соңғы жаңалықтар