Батыс Қазақстанға Еділ суын алуға қосымша қаражат қарастырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясынан Батыс Қазақстан облысына 131 млн текше метр Еділ суын алуға қосымша 3,5 млрд теңге қаражат бөлу мәселесі 2021 жылға арналған республикалық бюджетті бірінші нақтылау кезінде қарастырылады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің сенаторлардың депутаттық сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімнің негізінде халықты сумен қамтамасыз етуді жақсарту және межелі кезеңде қалыпты экологиялық жағдайды сақтау мақсатында республикалық бюджеттен Еділ суын машинамен беру шығындарын өтеуге қаражат бөлінеді. 2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Үлкен және Кіші өзендеріне тасталатын су көлемі кестеге сәйкес 107 млн текше метр болып бекітілді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, 2020 жылы судың аздығына және судың жетіспеушілігіне байланысты Үлкен және Кіші өзендеріндегі су көлемінің тапшылығын толтыру үшін 35 млн текше метр Еділ суын сатып алу қажеттігі туындап, осы мәселені шешуге қосымша 993,1 млн теңге бөлінді.

«Қазіргі уақытта Ресей Федерациясынан Еділ суын машиналық әдіспен Батыс Қазақстан облысына беру үшін 3,5 млрд теңге сомасында қосымша қаржы қаражатын бөлу туралы бюджеттік өтінім қалыптастырылды. Жоғарыда баяндалғанның негізінде су жіберу көлемін 3,5 млрд теңге сомасына 131 млн текше метрге ұлғайту мәселесі бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, 2021 жылға арналған республикалық бюджетті бірінші нақтылау кезінде қарастырылатын болады», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар