Батыс Қазақстанда жоғалған ер адам 14 күннен кейін Атыраудан табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен ер адам Атыраудан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бәйтерек ауданы Дариян ауылында тұратын 34 жастағы, көз жанарынан екінші топтағы мүгедек Леонид Богомолов үйінен 14 қаңтар күні шығып кеткен.

Содан бері үйіне оралмаған ер адамды полиция қызметкерлері іздестірген болатын.

Бәйтерек ауданы Приурал полиция бөлімі 14 күннен кейін Л.Богомоловтың кеше Атыраудан табылғанын жеткізді.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, өткен жылы облыста жоғалған азаматтарды іздестіру жөнінде 145 арыз түсіп, 96 адамның қайда жүргені қысқа мерзімде анықталған.

Биыл іздестіру барысында Оралда бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған 38 жастағы ер адамның қайда жүргені белгілі болды.

Ол 5 қаңтарда үйінен шығып кеткеннен оралмаған. Полиция қызметкерлерінің іздестіруі арқасында қазір ол үйінде.

Жуырда ғана жақын-жуықтарының жоғалғаны жөнінде полицияға 10 арыз түссе, соның ішінде 7 адамның қайда екені ізі суымай анықталды.

Қалған үш адам іздестіру істері жүргізілгеннен кейін бірнеше күн өткен соң табылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жоғалып кеткен жеті жасар баланың табылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар