Батыс Қазақстанда студент менингитке шалдықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында студент менингитпен ауырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, бұл - биылғы бірінші жағдай. 17 мамыр күні Зеленов ауданы Махамбет ауылының тұрғыны, Орал қаласындағы жоғары оқу орны студентінің менингококк жұқпасына шалдыққаны анықталды.

2015 жылы осындай 13 жағдай тіркеліп, оның екеуі өлімге апарып соқтырған болатын. Өткен жылы бұл ауру тіркелген жоқ.

Айта кетейік, менингококк инфекциясы - назофарингит (мұрын мен жұтқыншақтың қабынуы), менингит (ми қабықтарының қабынуы) және менингококк сепсисі (қанның зарарлануы) секілді түрлі клиникалық белгілері бар, бактериялар қоздыратын жіті жұқпалы ауру.

Белгілері: менингит тез басталады, күрт бас ауырып, адам құсады, 6-15 сағаттан кейін бөртпе пайда болады. Дене қызуы 39-40 °С-қа көтеріліп, науқас қалтырайды. Тері бозарып, адам әлсізденіп, арқа мен аяқ-қолында ауру сезіледі. Науқас шөлдеп, тәбеті төмендейді. Ауру тұмау, баспа, әдеттегі салқын тию аурулары секілді жеңіл түрде өтуі мүмкін. Адамның қорғаныш күштері әлсірегенде, менингококк миға өтіп, қабыну басталады.

Инфекция көзі - ауру адам және клиникалық белгілері болмағанмен, менингококк тасымалдаушылар да кездеседі. Аурудың алғашқы белгілері байқалған бойда бірден дәрігерге көріну қажет.

Соңғы жаңалықтар