Батыс Қазақстанда оқушылар коронавирус жұқтырып, 84 сынып карантинге жабылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында оқушылар мен мұғалімдердің арасында коронавирустың тіркелуіне байланысты 51 мектепте 84 сынып карантинге жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 39 қаулыға сәйкес қаладағы 20 мектепте 32, облыс аудандарында 31 мектепте 52 сынып бойынша оқшаулау шаралары қолданылды.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, 1 қыркүйектен бері облыс бойынша 275 оқушының (137-сі қалада, 138-і аудандарда) коронавирус жұқтырғаны анықталды. Соның ішінде 74 дерек оқу процесінің басталуына байланысты емес.

Сондай-ақ оқу жылы басталғаннан бері 49 педагогтан жұқпалы індет табылды.

«Мұғалімдер, оқушылар, студенттер мен қызметкерлер арасында аурудың орын алуына байланысты күн сайын мониторинг жүргізіледі. Барлық білім беру ұйымдарында «Ashyq« қосымшасы енгізілгені белгілі. Сондықтан барлық келушілерді QR-код (check-in) бойынша тіркеп, олардың күнделікті кіру сүзгісінен толық өтуін қадағалау қажет», деді Н.Мұстаев.

Оның сөзіне қарағанда, қыркүйек айында барлығы 1541 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Соңғы аптада (10-16 қыркүйек) алдыңғымен (3-9 қыркүйек) салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 5,3 пайызға (651-ден 616-ға) төмендегенімен, эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз болып отыр.

Қыркүйек айында ауырғандардың 810-ы (53 пайыз) ЖРВИ белгілері бойынша қаралған. 392-сі (25 пайыз) профилактикалық мақсатта тексерілген. 326-сы (21 пайыз) бұрын ауырғандармен байланыста болған. 13 адамнан (1 пайыз) эпидемиологиялық қадағалау мақсатында сынама алынған.

Осылардың ішінде 269-ы – 14 жасқа дейінгілер, 121-і – 15-17, 93-і – 18-25, 366-сы – 26-40, 347-сі – 41-60 жас аралығындағылар, 345-і – алпыстан асқандар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да егілуге жататын тұрғындардың 60 пайызға жуығы вакцина салдырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар