Батыс Қазақстанда коронавируспен ауруханада жатқандар саны 450-ден асты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавируспен ауруханада жатқандар саны 450-ден асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, өңірде соңғы күндері инфекциялық стационарларда емделушілер саны көбейіп отыр.

Атап айтқанда, кешегі мәлімет бойынша 1123 төсектік 15 инфекциялық стационарда 416 адам жатса, бүгін олардың саны 451-ге жетті. Соның ішінде Оралда 600 төсектік 5 стационарда 360 науқас емделуде.

Сондай-ақ жансақтау бөлімінде жатқандар саны 30-дан 31-ге жетті. Бұл соңғы кезде коронавирус жұқтырушылар азайғанымен, ауруханаға ауыр халде түсіп жатқандардың баршылық екендігін көрсетеді.

Соңғы тәулікте 33 адамнан індет табылса, 28 науқас сауығып шықты.

Бір аптада алдыңғымен салыстырғанда, коронавирус жұқтырғандар саны 5,9 пайызға (33 науқасқа) төмендеді.

Індет басталғаннан бері облыста барлығы 23627 адам тіркеліп, соның 18658-і емделіп шықты. 354 науқас көз жұмды.

Басқарма мәліметіне қарағанда, облыс бойынша 78371 адам вакцинаның бірінші, 36754-і екінші компонентімен егілді.

Тұрғындарды вакцинациялау одан әрі жалғасуда, жуырда тағы да вакцина жеткізілмек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың 55 пайыздан астамы Орал қаласында тіркеліп отырғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар