+7 (701) 759 90 19
USD 420.32 EUR 509.34
RUB 5.7 CNY 64.85
Jańalyqtar

Батыс Қазақстанда киікті қорғау шаралары күшейтілді

2020 жылғы 3 желтоқсан 12:05
Бөлісіңіз:
Батыс Қазақстанда киікті қорғау шаралары күшейтілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін жалғасатын дәстүрлі «Киік» кең ауқымды табиғатты қорғау шарасы аясында браконьерлікпен күрес күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі осыған орай ұйымдастырған баспасөз туры барысында «Охотозоопром» мекемесі инспекторларының жұмысы көрсетіліп, Қазталов ауданы аумағындағы жаңа автономды станция таныстырылды.

Батыс Қазақстан облысының еліміздегі киіктер популяциясы ең көп шоғырланған өңір екендігі белгілі.

«Охотзоопром» мекемесі мамандарының айтуынша, 2019 жылғы санақ бойынша БҚО аумағында 217 мың бас киік болған. Биыл олардың саны едәуір артқаны байқалады. Киікті сақтау мақсатында министрлік жалпы ауданы 343040,1 га «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын, сондай-ақ жалпы ауданы 314504,1 га Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру мәселесін пысықтауда.

БҚО орман шаруашылығы және жануарларды қорғау инспекциясының жетекші маманы Арман Ізімғалиевтің айтуынша, шараның басты мақсаты – киікті заңсыз аулау, олардың мүйізін, дериваттарын заңсыз сақтау және тасымалдаудың жолын кесу. Осы орайда құзырлы органдар, атап айтқанда, орман шаруашылығы және жануарларды қорғау инспекциясы, полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі бірлесіп, мобильдік топтар құрды. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында киік аулау, дериваттарын заңсыз сақтау бойынша 37 қылмыстық іс тіркеліп, алтауының соты өтті. 8 адам 2 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру және шектеу жазасымен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сотпен 62 млн 300 теңге қанағаттандырылды.

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Батыс Қазақстандағы облыстық филиалы Қазталов ауданы аумағында киіктерді қорғау жұмысын жүргізетін автономды модульдік үйді салған.

Жылжымалы станция тұрғын жайдан бөлек, шағын жанармай құю бекетімен, көлікке техникалық қызмет көрсету алаңымен және операторлық бөлмемен қамтылған. Бұл табиғат қорғаушыларға бір орталықтан жедел әрекет етіп, тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Пилоттық жоба басқа өңірлерде де жалғасын таппақ.

«Автономды станция Қазталов елді мекенінен 50 шақырым қашықтықта тұр. Бұрын инспекторлар жүк көлігінде қонып жұмыс істейтін. Жақында толық пайдалануға берілетін модульдік үйде жатын орындары, жуынатын бөлме, асхана мен жұмыс орындары бар. WI-FI орнатылады. Электр энергиясы үй төбесіндегі күн батареялары арқылы алынады. Инспекторларымызға ашық далада осындай орталықтан жұмыс істеген өте ыңғайлы», - деді бұл туралы «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Арман Қожахметов.

Оның сөзіне қарағанда, бұрын киіктер алыстан кісі көрсе, жақындатпай қашан жөнелетін. Себебі браконьерлік оқиғалар көп болып, мылтық даусы жиі естілетін еді. Ал биыл зерттеу жүргізуге келген ғалымдар киіктің бұрынғыдай үркек емес екенін айтып жатыр. Бұл – инспекторлардың полициямен бірге аумақты қорғауды күшейтіп, табиғатта тыныштықты қамтамасыз етуінің нәтижесі деуге болады. Оның үстіне бұрын белсенді түрде браконьерлікпен айналысқан топтардың көбі ұсталып, жазасын өтеуде.

«Бізде бір топта 6 инспектор бар. Әр топ 40 мың гектар жерді күзетеді. Ол аумақта шамамен 50-60 мың киік жүреді. Кезек 15 күн сайын ауысып тұрады. Қазір жол талғамайтын Toyota көліктерімен жүреміз. Қару-жарағымыз бар», деді мемлекеттік инспектор Жандос Абылханов.

«Киік» шарасы Батыс Қазақстаннан бөлек, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында өткізіледі. Оған «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның жануарлар дүниесін қорғау қызметінен 224 инспектор, 68 жол талғамайтын автокөлік , 37 КУНГ, 23 қарда жүргіш, 2 «Берлога» вагоншалары (ОӨФ, БӨФ) жұмылдырылды.

Айта кетейік, 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда браконьерлікке қарсы жаза күшейтілген. Бұрын браконьерлік қылмысы дәлелденген адамның мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, қазір жаза мерзімі 10 жылға дейін артты. Мемлекеттік инспекторлар мен қорықшыға қатысты өмірге қол сұғушылық және күш қолданғаны үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру не мүлкі тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.

Сонымен қатар мемлекеттік инспектор мен қорықшыға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жаңа бап бойынша айыбы дәлелденген адам 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да «Киік» жедел алдын алу шаралары басталғанын, биыл өңірде 2,5 мыңнан астам киік мүйізі тәркіленгенін жазған болатынбыз.




Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Елжан Ералы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT