Батыс Қазақстанда еріктілер 20 мыңға жуық отбасыға қолұшын созды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында еріктілердің күшімен 19412 отбасыға азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқалай көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораштың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, биыл еріктілер жылына байланысты жастардың негізгі күші волонтерлік қызметке жұмылдырылды.

Облыста 60-қа жуық ұйымға кіретін 10 мыңнан астам волонтер бар.

Оның сөзіне қарағанда, биыл еріктілер мен волонтерлік ұйымдарды біріктіру мақсатында 15 бағыттан («Медицина», «Экология», «Әлеуметтік», «Медиа», «Оқиғалы», «Жануарлармен», «ТЖ волонтерлік», «Мәдени», «Донорлық», «Спорттық», «PRO BONO және зияткерлік волонтерлік», «Корпоративтік», «Виртуальді» және «Этно волонтерлік») тұратын volunteer07.kz ақпараттық сайты іске қосылды.

Облыс бойынша барлығы 19412 отбасыға жәрдем берілсе, соның ішінде 12694 отбасыға (6952-сі қала бойынша, 5742-сі аудандарда) тегін азық-түлік себеттері жеткізілді.

Сондай-ақ 3693 отбасыға тұрғындардың өз қаражаттары есебінен азық-түлік апарылды. 478 отбасыға дәрі-дәрмектен қолдау көрсетілді. 1047 отбасының үй жұмыстары жасалды. Еріктілер 168 отбасыға төтенше жағдай кезінде 42500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы алуға өтінім беруге көмектесті. Ал 1332 отбасыға демеушілердің қолдауымен 16620 литр ауыз су апарылды.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлесіп, волонтерлар 1206 рейд өткізді.

Еріктілердің күшімен 350 мың маска (80 мыңы қолдан тігілсе, 270 мыңы демеушілер есебінен) тегін таратылды.

«Волонтерлік жобалар биылғы жылмен аяқталмайды. Келесі жылы да жалғасын табады. Оның үстіне індеттің қаупі әлі сейілмей тұр. Қазіргі таңда да еріктілер коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүр», деді ҚазАқпарат тілшісіне Нұрхат Ораш.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мемқызметшілердің жаңажылдық корпоративтің орнына қайырымдылық жасағанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар