Батыс Қазақстанда блокпостар алынғанмен, шектеу шаралары сақталады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 12 мамырдағы жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткеніндей, қаулы 15 мамырдан бастап күшіне енеді.

Қаулыға сәйкес өңірде блокпостар алынады. Сондай-ақ тұрғындар мен көліктерге түнгі сағат 00.00-ден кейін жүріп-тұруға шектеу қойылмайды.

Сонымен қатар басқа карантиндік шектеу шаралары сақталады.

Мысалы, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің кемінде 80, жеке кәсіпкерліктегілердің кемінде 50 пайызы қашықтан жұмыс жасайды.

Мемлекеттік органдар, ұйымдар, офистер қызметкерлерге коронавирусқа қарсы вакцинациялау жүргізілген жағдайда аталған талапқа өзгеріс енгізе алады. Бұл ретте екпенің толық курсынан өткен және соңғы жарты жылда коронавируспен ауырып жазылған барлық қызметкерлердің штаттық режимде жұмыс істеуіне болады.

Тұрғындар ашық ауадағы қоғамдық орындарда, үй-жайларда және автобустарда маска киюге міндетті.

Өңірде өзге де санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс.

Шектеу шараларының режимі мен уақыты облыс аумағында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуы бойынша жағдайдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 58 мыңнан астам адамның коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, вакцинадан полицей қайтыс болды деген жалған аудиожазба авторы ұсталды.





Соңғы жаңалықтар