Батыс Қазақстанда 5 шілдеден бастап қандай шектеу шаралары енгізіледі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 5 шілдеден бастап 14 күнге қатаң карантиндік шектеу шаралары енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев брифингте мәлім еткендей, банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, отбасылық, естелік, әдет-ғұрып және өзге де адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынды.

Жедел жәрдем көлігін, авариялық қызметтерді және басқа да арнайы органдарды, сондай-ақ облыс, Орал қаласы мен аудандардың тіршілігін қамтамасыз етуге жауап беретін ұйымдардың көлігін қоспағанда, көліктің қозғалысы сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін шектеледі.

Әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 3 адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелерімен скверлерге, алаңдарға, жағалауларға және халықтың басқа да демалыс орындарына (қалалық саябақ пен жағажайларды қоспағанда) баруға рұқсат етіледі.

Өңірлер (Орал-Атырау, Орал-Ақтөбе) арасындағы жолаушылар автобусы қатынасы тоқтатылады.

Сауда үйлері мен орталықтарының (павильондардың), сауда желілерінің (оларда орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дүкендерді, дәріханаларды қоспағанда), жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, сұлулық салондары мен шаштараздардың; спорт және тренажерлық залдарының; фитнес орталықтарының, бассейндердің, сауналардың, моншалардың, ЅPA орталықтардың, меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарының, балалар түзету кабинеттері, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, үйірмелер, балалар мен ересектерге арналған курстар, сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлер, қалалық демалыс паркінің, жағажайлардың; барлық ойын-сауық объектілерінің, кинотеатрлардың, ойын алаңдарының (аулаларды қоспағанда), оның ішінде батуттар, аттракциондардың, түнгі клубтардың, компьютерлік және ойын, букмекерлік кеңселер, балаларды сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлер, кейтерингтік және мерекелік қызметтер көрсету, діни нысандар, сондай-ақ мәдениет нысандары (театрлар, концерт залдары, мұражайлар, көрмелер, форумдар) қызметтері тоқтатылады.

Уақыт пен жұмыс режимі бойынша мынадай шектеулер енгізілді:

- мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің 80 пайызын қашықтықтан жұмыс нысанына көшіру (штаттық кестеде 30-дан астам қызметкер бар жағдайда), жиналыстар, кеңестер, семинарлар, конференцияларды селекторлық режимде және бейнеконференцбайланыс арқылы өткізу;

- ХҚКО онлайн режимде қызмет көрсетуге көшу, онлайн режимде қызмет көрсету мүмкін емес жағдайда жазылу бойынша (сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін);

- медициналық орталықтар (жазылу бойынша) сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін;

- стоматологиялық клиникалар (жазылу бойынша) сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін;

- азық-түлік базарлары және азық-түлік емес базарлар тек ашық түрдегі (жұмыс кестесі сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін), сауда сөрелері арасындағы қашықтық 2 метрден кем болмауы тиіс, азық-түлік өнімдерін сату көкөністер мен жемістерді қоспағанда, тек қана өлшеп салынған түрде жүргізіледі;

- азық-түлік дүкендері сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін (азық-түлік өнімдерін сату көкөніс пен жемістерді қоспағанда, тек қана өлшеп салынған түрде жүргізіледі);

- қоғамдық тамақтану объектілеріне тек қана өзімен алып кетуге және жеткізу үшін сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі;

- ауданы 500 м2 астам азық-түлік емес дүкендер тек жеткізу үшін жұмыс істеуі тиіс;

- банктік қызметтер, сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін;

- медициналық-әлеуметтік мекемелер сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін;

- халықтың тұруы бойынша қызмет көрсету саласындағы (қонақ үйлер, демалыс үйлері және т. б.), сыйымдылығын 50% асырмай;

- халықпен байланыссыз қызмет көрсету бойынша объектілер (автожуу, автомобильдерді, тұрмыстық техниканы жөндеу және т.б.), сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін;

- бизнес орталықтар (сақтандыру компаниялары, адвокаттың және нотариустың қызметтері, бухгалтер мен консалтингтің, жылжымайтын мүлік агенттігінің, жарнама агенттіктері, сот орындаушылары), айырбастау пункттері, ломбардтар, сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін.

Қоғамдық көліктер сағат 07.00-ден 21.00-ге дейін қатынайды.

Қоғамдық көліктің толтырылуы қатаң түрде отырғызу орындары бойынша болуы тиіс.

Қоғамдық көлік антисептикалық құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс, қоғамдық көлікке тек жеке қорғану құралдарымен (медициналық бетперде, қолғаппен) кіруге рұқсат етіледі.

Такси жеңіл көлігінде адам саны үшеуден аспауы тиіс. Жеңіл көлік те жеке қорғану құралдарымен (медициналық маскалармен, қолғаптармен) және антисептиктермен қамтамасыз етілуі тиіс.

Меншік нысанына қарамастан, барлық ұйымдар мен кәсіпорындар санитарлық-эпидемиологиялық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуі тиіс:

- персонал мен қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен (бетперде, қолғаппен) қамту;

- үй-жайлардың, ғимараттардың кіретін және шығатын жерлерінде санитайзерлер орнату;

- келушілерді, клиенттерді үй-жайларға бетпердесіз жібермеу;

- үй-жайдың ішінде және сыртында адамдар арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықтың сақталуын бақылау;

- үй-жай ішіндегі адам саны бойынша шектеу қою - 20 шаршы метрге 1 адамнан артық емес;

- үй-жай ішінде кезекте 5 адамға дейінгі шектеудің сақталуын бақылау;

- үй-жайларды ылғалды жинау және дезинфекциялау күніне 2 реттен кем емес;

- келушілердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу үшін барлық нысандардың кіре берісінде қашықтық термометрияны (қол тепловизорын) жүргізу;

- жүргізілген/алынған қызметтер үшін қолма-қол ақшасыз есеп айырысу (карталар, телефондағы қосымша) үшін жағдайды барынша қамтамасыз ету.

Орал және Ақсай қалаларын, БҚО аудандарының елді мекендерінде дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі:

- карантиндегі емдеу мекемелері – аптасына 2 рет, сейсенбі және сенбі күндері;

- азық-түлік базарлары – күн сайын;

- тротуарлар, аялдама павильондары, алаңдар, саябақтар, гүлзарлар, контейнерлік алаңдар – күн сайын;

- мемлекеттік мекемелер мен жұмысы тоқтатылмаған өзге де ұйымдардың ғимараттары – аптасына бір рет;

- тұрғын үй кварталдарының аула аумақтары мен тұрғын үй кіреберістері - Орал қаласы мен аудандардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімдерінің басқаруымен және кесте бойынша.

Дезинфекция жүргізу кезінде денсаулыққа зиян келмеуі үшін өңдеуден кейін тұрғындарға 5 сағат ішінде далаға шықпау ұсынылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қосымша провизорлық және жұқпалы аурулар ауруханасы ашылатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар