Батыс Қазақстанда 22 млн теңге жымқырған бухгалтер сотталды

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Теректі балалар музыка мектебі» МКҚК-ның бұрынғы бас бухгалтері Алексей Бердниковке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінен мәлім еткеніндей, Теректі аудандық сотының үкімімен А.Бердников ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес айыпты деп танылды.

Сот оның мүлкін тәркілемей, жеті жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны кесті. Сондай-ақ сотталушы мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор нысандарында, коммерциялық, коммерциялық емес ұйымдарда қаржылық қызметке және материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан бес жыл мерзімге айырылды.

«А.Бердников өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, 2018-2020 жылдар кезеңінде Интернет-банкинг арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдер жүргізу жолымен, аталған кәсіпорын директорының электрондық-цифрлық қолтаңбаларын пайдалана отырып, жалақыны және басқа да төлемдерді өзінің жеке шоттарына негізсіз аударған. Осылайша, мемлекетке 22 млн 200,790 мың теңге көлемінде залал келтірген, яғни өзіне сеніп тапсырылған ақша қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды. Сотталушы жымқырған ақша қаражатын ойын-сауық және букмекерлік кеңселердегі ставкалар түрінде жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Сот үкімі заңды күшіне енді», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын жалған ақша сатқан Орал тұрғынының 5 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар