Батырхан Шүкенов әндерінің домбырамен сүйемелденген кавері жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біртуар әнші Батырхан Шүкеновтың өмірден өткеніне 28 сәуірде бес жыл толады. Осыған байланысты елордадағы «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі әншінің шығармаларының домбырамен сүйемелденген кавер нұсқасын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз ортақ іске өз үлесімізді қостық деп білеміз. Музыка осы бір қиын кезеңде бәрімізді біріктіреді және бізге үміт береді. Бұл жолы көпшілік арасында танымал болған бірнеше әнін таңдап алдық», – деді ұжымның көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбек.

Батырхан Шүкенов 1962 жылдың 18 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін Ленинград қаласындағы (қазіргі Санкт-Петербург) Надежда Крупская атындағы мәдениет институтына оқуға түскен. Онда әнші саксофонның оркестрлік бөлімінде екі жыл білім алады. Батырхан Шүкенов 1983 жылы Бүкілодақтық эстрада әртістері байқауының лауреаты атанды. Ал 1985 жылы Батырхан Шүкенов Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірді. Кейін әнші әйгілі «A-Studio» тобының іргесін қалады.

Әнші 2015 жылдың 28 сәуір күні Мәскеуде көз жұмды.

Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблінің құрамындағы әртістер қобыз, қыл қобыз, нарқобыз, домбыра, сырнай, мүйіз сырнай, шаңқобыз, жетіген, шертер, дауылпаз, саз сырнай, бас домбыра, сыбызғы, су ағаш, тоқылдақ аспаптарында ойнайды. Көктемде «Қорқыт» ансамблі 75 шығарманы үзіліссіз орындап, Қазақстанның Гиннесс рекордтар кітабына енген болатын.


Соңғы жаңалықтар