«Бастау бизнес» сертификатын береміз»: Жамбыл облысында алаяқтардың хабарламасы тарауда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының тұрғындары емтихандарды тапсыруға, бизнес-жоспар құруға, сондай-ақ «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқуды тәмамдағаны туралы сертификат алуға көмектесе алатын компания туралы жаппай хабарлама алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараған хабарламада компанияның 3 жыл бойы осындай қызметтермен айналысып келе жатқандығы айтылған.

«Сіздерді «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқуға түсулеріңізбен құттықтаймыз! Егер сіз белгілі бір себептермен «Атамекен», «Бастау Бизнес» оқуын оқи алмайтын болсаңыз, біз көмектесеміз. Біз жеке компания қызметін ұсынамыз, үш жыл бойы «Бастау Бизнеспен» оқытып, сертификаттарын беріп келеміз. Сіздің орныңызға сабақ оқып, экзамендер тапсырып, бизнес план жасаймыз. Курсты толық бітірген туралы сертификат алып береміз. Орындар шектеулі, тезірек тапсырыс беріңіз», - деп жазылған мессенджерлерде тараған ақпаратта.

Осыған байланысты, Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасы «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың барлық қызметтері тегін негізде жүзеге асырылатынын хабарлады.

«Осындай алаяқтық сипаттағы хабарламаларды жаппай жібермеуді және бөгде адамдардың қызметтерін пайдаланбауды сұраймыз! Оқыту барысында жобаға қатысушыларды тек жоба кеңесшісі және әр топтың бизнес-тренері сүйемелдейтінін еске саламыз. Жоғарыда атап өткен хабарлама бойынша ақпарат «Атамекен» ҰКП қауіпсіздік қызметіне жіберілді. Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, сізге сертификат алуға немесе «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқуға байланысты өз қызметтерін ақша немесе сыйақы үшін ұсынатын бейтаныс адамдардан қоңыраулар келіп түссе, әрекет етпеуіңізді және бірден Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгінуіңізді сұраймыз», - деп хабарлады өңірлік кәсіпкерлік палатасының баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар