Баспаналы болу үшін қандай бағдарламалар қолжетімді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның тұрғын үй саясатындағы реформалары Елбасы мен Мемлекет басшысының стратегиялық бастамалары негізінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сәйкес іске асырылып жатыр. Жалпы, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және өмір сүру жайлылығын арттыру – мемлекеттің тұрақты әрі маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан 2005 жылы бұқара халыққа қолжетімді тұрғын үй салу бойынша ауқымды шаралар қабылданған еді. Дәл осы шаралар тұрғын үй құрылысы қарқынының өсуін қамтамасыз еткен болатын. Нәтижесінде бүгінгі күні пайдалануға берілетін тұрғын үйдің жылдық көлемі 2005 жылғы деңгейден 2,6 есе асып, ал тұрғын үй құрылысына инвестиция 5,6 есе өсіп отыр.

Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында елімізде тұрғындардың баспана тауқыметін шешуге бағытталған Тұрғын үй құрылысының 2005-2011 жылдарға арналған бағдарламасы, «Қолжетімді тұрғын үй - 2020», «Нұрлы жол» және Өңірлерді дамыту бағдарламалары сынды құжаттардың қабылданғаны белгілі. Нәтижесінде осы уақытқа дейін әлеуметтік тұрғын үймен 114 мыңнан астам отбасы қамтамасыз етіліп, 63 мыңнан астам үлескер тұрғын үй мәселелерін шеше алды.

«Нұрлы жер» нәтижесі қандай?

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істер комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов 2017 жылдан бастап қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасының осы уақытқа дейінгі нәтижесін жария еткен болатын. Оның атап өтуінше, бағдарлама іске асырылған 3 жылдың ішінде 36,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Шамамен 89 мың отбасы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Оларға қолжетімді тұрғын үй және жеңілдікті қарыз берілді. Осы жылдардың ішінде тұрғын үй құрылысына 3,6 трлн теңгеден астам қаражат инвестицияланды.

«Шамамен 919 млрд теңге мемлекеттік инвестиция «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға жұмсалды. Салынған мемлекеттік инвестицияның 1 теңгесіне 6 теңге жеке инвестиция салынады. Бұл бағдарламаның тиімділігін білдіреді», - деді Мархабат Жайымбетов.

Комитет басшысының айтуынша, мемлекет жаппай құрылыс салынатын аудандарды коммуникациялармен жайластыру есебінен тұрғын үй құрылысын ынталандырады. Ол үшін жыл сайын 130 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу көзделген. Осы қаражат есебінен жеке тұрғын үй құрылысы үшін азаматтарға бөлінген 40 мың жер учаскесіне коммуникациялар жүргізіледі.

«Бүгінгі күні 530 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Көрсетіліп жатқан қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін осы жылы Кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық базасы іске қосылды. Осы база мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған және онда тұрғын үйге мұқтаж азаматтар мен кезекте тұрғандар бойынша анық мәліметтер бар», - деді ол.

Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірінші кезекте көп балалы отбасыларды сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Бұл - Елбасы мен Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Тапсырма орындалып та жатыр. Мәселен, бағдарлама жүзеге асырылатын уақыттың ішінде 30 мың отбасын жалдамалы пәтермен қамту көзделген. Оның шінде биыл 4 835 отбасы тұрғын үймен қамтылмақ.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына кім қатыса алады?

2019 жылы елімізде жылдық 2 пайызбен жеңілдетілген кредит беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама арқылы көп балалы, толық емес отбасылардың және мүгедек балалары бар отбасылардың бастапқы және қайталама нарықтардан тұрғын үй салып алуға мүмкіндігі бар. 2019 жылы 5 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты.

«Биыл 49,1 млрд теңге бөлінді және 4900 отбасы қолдаумен қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі кезде Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне 4769 өтініш түсті. Оның ішінде 4 мыңнан астам отбасыға қарыз берілді», - деді комитет басшысы.

Сонымен қатар ол табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын кезекте тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу көзделгенін айтады. Жыл сайын мұндай жалға берілетін 3 700 пәтер салуға және сатып алуға 32,8 млрд теңге бөлу көзделген. Биыл 4 222 халықтың әлеуметтік жағынан осал тобын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Мұнан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарды сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету қолға алынған. 2021 жылға дейін жүзеге асырылатын бағдарлама аясында 9 мың жасқа баспана салу көзделген. Қазіргі уақытта 3 қалада 3 мыңнан астам жас баспаналы болып үлгерді.

«5-10-20» тұрғын үй кезегін шеше ме?

Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрған азаматтардың саны 530 мыңға жетіп отыр. Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы «тұрғын үй құрылысы бойынша ипотекалық несиелеуге үлкен серпін бергенімен, әкімдіктердегі баспана кезегінде тұрған адамдардың проблемасын шеше алмай отыр. Сондықтан биыл Мемлекет басшысы төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия отырысында «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсырған еді..

«Кезекте тұрған адамдарды несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсырамын», - деген еді Президент.

Сонымен Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, еліміздің Ұлттық банкі аталған бағдарламаға 390 млрд теңге бөлді. Оның ішінде кредиттік тұрғын үй салу үшін өңірлерге 180 млрд теңге аударылды. Барлығы 15,2 мың пәтер салу жоспарланған.

«5-10-20» бағдарламасының шарттары бойынша кезекте тұрғандарға кредит беру үшін 210 млрд теңге Тұрғынүйқұрылысбанкіне аударылды. 90 млрд теңге мөлшеріндегі бірінші транш тамыз айында бөлінді, 35 млрд теңге сомасында 2,6 мың қарыз берілді», - деді комитет басшысы.

Қорыта айтқанда, биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, мемлекеттік инвестициялар есебінен 150 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартады. Оның ішінде шамамен 39 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Соңғы жаңалықтар