Басқа ауылға жұмысқа кеткен: ШҚО-да жоғалған жасөспірім табылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында полиция қызметкерлері жоғалған баланы тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылының тұрғыны тәртіп сақшыларына хабарласып, 2007 жылғы ұлының жоғалып кеткендігін айтты.

«Полицейлер бірден жедел іздестіру шараларына кірісті. Соның нәтижесінде жасөспірім Құмкөл ауылдық округіне қарасты Шұңқыроба елді мекенінен табылды. Кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары барған уақытта сол жерде Ақсуат ауылында тұратын басқа да кәмелеттік жасқа толмаған балалар жүрген», - делінген хабарламада.

Тексеру барысында белгілі болғандай, Құмкөл ауылының тұрғыны заңсыз түрде балаларды егістікке қарбыз егуге жұмысқа шақырған. Барлық жасөспірімдер Ақсуат ауылына жеткізіліп, заңды өкілдерінің қатысуымен медициналық тексеруден өтті.

«Балаларының тәрбиесіне, қауіпсіздігіне немқұрайлықпен қарағандары үшін ата-аналарға қатысты жинақталған материалдар аудандық балалардың құқығын қорғау комиссиясына жолданған. Комиссия мүшелерінің шешімімен оларға ескерту жасалды. Сондай-ақ аталған факті бойынша ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жасөспірімдерді жұмысқа шақырған ер адамды ҚР ӘҚБтК-нің 86-бабы 3-тармағы бойынша әкімшілік жауапқа тартты», - делінген ведомство ақпаратында.


Соңғы жаңалықтар