Бәсекелі ортаға 650 млрд теңге бағыттадық – Есімов отандық өндірушілерді қолдау жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов өзі басшылық етіп отырған қорға қарасты компаниялардың сатып алу жүйесінің жұмысы қалай реттелгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрақты даму бойынша халықаралық институттың мәліметіне (International Institute for Sustainable Development) сәйкес сатып алу жүйесіне шағын және орта бизнестің белсенді түрде қатысуы – кез келген мемлекетті экономикалық және әлеуметтік жетістіктерге бастайды. Мәселен Оңтүстік Кореяның сатып алу жүйесін жақсарту тәжірибесін атап өткіміз келеді. Кореялықтар шағын және орта бизнес субъектілеріне басымдық берді. Оңтүстік Кореяда 2003 жылы электронды сатып алу жүйесіндегі бизнестің қатысуы 55 пайыздық деңгейде еді. 2010 жылға бұл көрсеткіш 75 пайызға жетті. Сонымен қатар ол мемлекет жыл сайынғы әкімшілік шығындарын 8 млрд АҚШ долларға үнемдеді», - деді Ахметжан Есімов елордада өтіп жатқан «Samruk Business Forum» шарасында.

Қор басшысының айтуынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы да шағын және орта бизнестің экономиканың өсіміне, әртараптандырылуына, беріктігіне сеп болатынын мәлімдеген.

«Мысалы Сингапурда ШОБ-қа кәсіпорындардың 99 пайызы тиесілі. Олар 2017 жылы жалпы ішкі өнімнің 48 пайызын, жұмыспен қамтудың 72 пайызын, экспорттың 78 пайызын қамтыды. Германиядағы жалпы ішкі өнімнің 54 пайызын, жұмыспен қамтудың 64 пайызын, экспорттың 30 пайызын кәсіпорындар иеленген», - деді ол.

Дамыған елдердегі көрсеткіштерді келтіре отырып, Ахметжан Есімов еліміздегі ахуалға тоқтады. Қор басшысының айтуынша, бізде де ШОБ саласын дамытудың тетіктері іске қосылған. Десе де дамыған елдердің көрсеткіштеріне қол жеткізу әлі де мүмкін болмай тұр.

«Біз алдымен Қор топтарындағы сатып алу жүйесін жетілдіруді көздейміз. Нақты қандай жұмыс атқарылды? Ең бірінші кезекте біз «Самұрық-Қазынаның» 2018 жылдың 1 қаңтарындағы сатып алу құрылымына терең талдау жүргізіп көрдік. Ақыры сатып алудың 90 пайыздық үлесі бір жерден жүргізіліп отырғанын анықтадық. 4,5 мың позиция – яғни тауар мен жұмыстың барлық түріне қатысты мәліметтер белгілі болды. Оның үстіне бәсекелі орта болмады. Тиісінше келісімдер бюджет аясында жүргізіліп, қаржыны үнемдеу көзделмеді», - дейді ол.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы 4500 тауар мен жұмыс түрі бойынша позиция 22 есе – 198-ге дейін азайғанын тілге тиек етті.

«Осылайша бәсекелі ортаға 650 млрд теңге берілді. Оған 13 мың шағын және орта бизнес субъектісі қол жеткізе алады. Компанияларымыз болса, 40 млрд теңге үнемдеді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар