Бас санитар дәрігер: Бұрынғыша болсын десек – жеке бас қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарайық

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында елдегі коронавирус індетіне қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді.

- Қазіргі уақытта коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталғаны белгілі. Осы динамиканы сақтап қалу мақсатында қандай шаралар қолға алынып жатыр?

- ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанынан коронавирус инфекциясының жиілігін болжау және қажетті шараларды әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы орта мерзімді (осы жылдың 31 желтоқсанына дейін) және қысқа мерзімді (15 күнге дейін) болжам жасайды. Қазіргі уақытта жұқпалы ауру ауруханаларының науқасты қабылдауға және қажетті көмек көрсетуге дайындығы қамтамасыз етіліп, қажетті мөлшерде дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдары сатып алынды.

- Еліміздің қай аймағында коронавируспен ауыру бойынша көрсеткіш жоғары, қай аймақта төмен?

- Бүгінгі күні елімізде COVID-19-дың расталған 108 362 жағдайы тіркелді, тәулігіне 66 жағдай (ауру белгілері бар – 39, ауру белглері жоқ – 27), тіркеліп, 0,06% өскен. COVID-19-дың жаңа расталған жағдайлары Шығыс Қазақстан облысында (14 жағдай) және Нұр-Сұлтан қаласында (11 жағдай) тіркелді. Соңғы тәулікте Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында ауруға қатысты бірде-бір жағдай тіркелмеген.

- Тұрғындардың бәрі карантин шараларын қатаң түрде сақтай бермейді. Қатаң карантин режимі қандай жағдайда енгізілетіні туралы тағы бір мәрте айтып өте аласыз ба?

- Елімізде қатаң карантин режимі қандай жағдайда енгізілетінін анықтадық. Жұқпалы аурумен ауырғандар жататын орынның 70%-дан астамы бос емес болса, репродукция коэффициенті (R) 1-ден көп болса және 7 күн ішінде ауырғандар саны 100 мың тұрғынға шаққанда 50 жағдайдан асатын болса қатаң карантин режимі енгізіледі.

- Еліміз бойынша қандай нысандар карантин талаптарын жиі бұзады?

- Республикада облыстың әкімдіктері жанынан комитеттің аумақтық департаменттерінің, жергілікті полиция қызметі мен кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерін қамтитын бақылау топтары жұмыс істейді.

Карантин шараларын көбінесе қоғамдық тамақтану нысандары (дәмхана, мейрамхана), сауда орталықтары, базар, дүкен, түнгі клуб, құрылыс компаниялары, сұлулық салоны, сауналар бұзады. Отбасылық мерекелік іс-шаралар: үйлену тойы, мерейтой, ас беру секілді бұзушылықтар болып тұрады, мұндай жерге көп адам жиналады. Мұндай жағдайларда әлеуметтік арақашықтық сақталмайды және маска тағу режимін де ешкім сақтамайды. Көбінесе Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау мен Маңғыстау облыстарында осындай жағдайлар көбірек болады.

Бақылау топтары көбінесе карантин кезеңінде қызметіне тыйым салынған нысандардың жасырын жұмыс істейтіндігін анықтайды. (Мысалы, түнгі клубтар немесе қорқор шегетін орындар). Мекемелерде отыратын қызметкерлер де маска тағу ережесін жиі бұзып, медициналық қолғап кимейтін және антисептик қолданбайтын жағдайлар да ұшырасып тұрады.

- Қазіргі уақытта елімізде ЖРВИ және тұмаумен ауырғандар көрсеткіші қандай болып тұр?

- Қазіргі уақытта елімізде тұмаумен ауырған фактілер жоқ. Жіті респираторлық вирус инфекциясына келетін болсақ, 1 қыркүйектен бастап 437 951 адам тіркелді. Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғандағы көрсеткіштен жоғары. Ал жалпы аталған ауру бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деуге болады.

- Қазіргі уақытта қоғамда кинотеатрлардың жұмысын жандандыру мәселесі талқыланып жатыр. Кинотеатрлар қандай жағдайда ашылуы мүмкін?

- Бұл мәселеге жауап жоқ. Ең алдымен еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды есепке аламыз. Сонымен қатар, басқа да мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, жағымды-жағымсыз тұсына назар аудара отырып шешім қабылдаймыз.

- Кеңсеге барып жұмыс істейтіндер арасында коронавирус жұқтырып алу қаупі жоғары болып тұр. Олар әлі де жұмысты қашықтықтан істей тұрғаны дұрыс па, қандай ұсыныс айтар едіңіз?

- Ұжымның 50%-ын әлі де қашықтықтан жұмыс істете тұруды ұсынамыз. Бұл норма 2020 жыл 16 қыркүйектегі № 53 қаулыда жазылған.

- Айтылып жатқан ескертуге қарамастан отбасылық мереке ұйымдастырып жатқан отбасылар бар. Ол жерге ең кем дегенде 20-50 адам жиналады. Тәртіпке бағынғысы келмейтін осындай тұрғындарға қандай кеңес айтасыз?

- Біз тұрғындарды топтасып кездесуден бас тартуға, адам көп жүретін жерге бармауға шақырамыз. Вирус ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Жеке қауіпсіздігімізге қаншалықты жауапкершілікпен қарай аламыз – бұрынғы өмір салтына соншалықы тез оралуға мүмкіндігіміз бар.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар