Бас санитар Алматының қайтадан «сары» аймаққа өту себебін түсіндірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында мегаполис эпидемиологтары жаңа мутацияларды анықтау үшін Алматы аумағында айналымда жүрген коронавирус штамдарына генетикалық зерттеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада айналымдағы 90%-ға жуық мутацияланған штаммдардың таралуына байланысты эпидемиологиялық жағдай күрделі екенін атап өтті.

«12-19 маусым аралығында мутацияланған штаммдардың айналымын анықтау мақсатында ПТР диагностика жүргіздік. 53 зерттеудің ішінен британдық штамм - 44-те (83%), Оңтүстік Африка екі жағдайда (4%) және біреуінде Нью-Йорк штамы (1,8%) анықталды. Қалған 11%-да COVID-19 вирусының мутациясы анықталмады», – деді ол.

Санитарлық-эпидемиологиялық ведомство басшысының айтуынша, 16 маусымнан бастап жұқтыру көрсеткіші 0,7-ден 0,96-ға дейін өскен.

«Бұл демалыс орындарына барған тұрғындардың бетперде режимін сақтамай, эпидемияға қарсы шараларды елемеуі салдарынан болды», – деді Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар, ол COVID-19 ауруы өсімінің негізгі себебі - инфекцияның тез таралуына ықпал ететін мутацияланған штамдар екенін тілге тиек етті.

Сондықтан 22 маусымда эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында Алматы тағы да «сары» аймаққа өтті. Жұқтыру көрсеткіші жоғары.

«Эпидемиологиялық жағдай ушыққан жағдайда шектеу шараларын бақылау 5 күн ішінде жүргізіледі («жасыл» аймақтан «сарыға» немесе «сары» аймақтан «қызылға» көшу). Сондықтан Алматыда «жасыл» аймақ режимі тағы 5 күн, яғни 27 маусымға дейін сақталады»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар