Бас прокурор мен Ішкі істер министрі Қызылорда облысында кеңес өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ведомстволардың басшылары прокурорлар мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының жаңа іс жүргізу жағдайындағы өзара іс-қимыл тәртібімен танысты. Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан ЭЫДҰ елдерінің үлгісі бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшуді бастаған. Полиция дәлелдемелерді жинап, прокуратура оларға құқықтық баға береді, ал сот үкім шығаратын болады. Бұл тәсілдің артықшылығы - азаматтардың құқықтарын қорғау механизмі күшейтіледі», - делінген Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінде.

Қазіргі уақытта өзгерістердің бірінші кезеңі – прокурорлардың тергеу органдарының негізгі шешімдерін электрондық форматта келісуі іске асырылуда.

Егер бұрын тергеуші азаматтарды қылмыстық тұрғыда тарту мәселесін дербес шешсе, енді оның шешімдері прокурор келіскеннен кейін ғана күшіне енеді.

Жаңа жағдайларда прокурор тергеу процесіне белсенді қатысады және заңсыз шешімдерге уақытылы ден қояды.

Жыл басынан бері елімізде прокурорлар 133 мың шешіммен келісіп, 1,5 мыңнан астам азаматты қылмыстық процеске негізсіз тартудың алдын алған.

Сондай-ақ, Бас прокурор облыс әкімі Г.Н. Әбдіқалықованың, өңірдегі құқық қорғау және арнайы органдар басшыларының қатысуымен қылмысқа қарсы күрес және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Прокурорларға қылмыстық процесте қадағалауды күшейту және органдар басшыларымен бірлесіп, нақты өзара іс-қимылды жолға қою тапсырылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша басшыларға басқа да бірқатар тапсырмалар берілді.


Соңғы жаңалықтар