Бас прокуратура өкілі қаңтарда Алматыда жасалған қылмыстардың мән-жайларын айтты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасында Алматы қаласында 587 бейнекамералары жойылған. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұған дейін хабарланғандай, мемлекеттік нысандарды қирату, мүліктерді жою және терроризм актілері Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жасалған. Бүгін Алматы қаласында жасалған қылмыстардың мән-жайларына толық тоқталғым келеді. Зорлық-зомбылықтың, қиратулардың, билік өкілдеріне қарсы күш қолданудың ең ауыр фактілері осы қалада тіркелген. 4 қаңтарда шамамен сағат 6 мен 8 аралығында азаматтар екі жерге жиналғаны анықталды: «Алматы Арена» спорт кешені жанында – батыс бөлігінде; «Халық Арена» спорт кешенінің жанында – шығыс бөлігінде. Бұл нүктелер логистика тұрғысынан Алматының шалғай аудандарынан азаматтардың келуіне және Алматы облысынан қалаға кіру үшін ыңғайлы», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның айтуынша, кешкі сағат 9-да екі ұйымдасқан топ адамдар бір уақытта қала әкімдігіне қарай жүре бастады. Абай, Төле би сияқты үлкен көшелермен жүріп, олар көптеген адамдарды жинады және арматура, таяқтар, тастармен қаруланды. «Ватсап» және «Телеграмм» мессенджерлері арқылы топтардың жиналуы мен қозғалысын үйлестірді.

«Санаулы сағат ішінде бір мессенджерге қатысушылардың саны 140-тан 5 500-ге дейін өсті. Нәтижесінде түн ортасында әкімдік алдындағы орталық алаңға қаланың көрсетілген жерлерінен 10 мыңға жуық адам келді. Осы уақытта «ашулы» топ алаңда орналасқан ғимараттарды, мүліктерді, оның ішінде тұраққа қойылған автокөліктерді қиратып, өртеуді бастады. Тәртіпсіздіктерге қатысушылар полиция қызметкерлеріне, әскерилерге шабуыл жасады. Жолдың жүру бөлігін жауып тастады, көліктерді өртеп, азаматтарды тәртіпсіздіктерге қатысуға шақырды және тонады», - деді Бас прокуратура өкілі.

Елдос Қилымжановтың атап өтуінше, қылмыскерлер мақсатты түрде қару дүкендерін тонап, ұрланған қарулармен бейне камераларды жойған. Барлығы Алматы қаласы бойынша 587 бейне камера жойылған. Оның 283-і Орталық жедел басқармасына тиесілі, 304-і «Сергек» кешенінің камералары. Мұнымен қоса, оптикалық байланыс желілері бар коммутациялық шкафтар істен шығарылған.

«Саны 1 мың адамға дейінгі жекелеген топтар халық арасында үрей тудыру үшін мемлекеттік биліктің символы және қала тіршілігінің жедел басқару орталығы ретінде әкімдік пен Президент Резиденциясын мақсатты түрде басып алды. Қоғамдық қауіпсіздікті және тәртіпті қамтамасыз етуге кедергі келтіру үшін қылмыскерлермен полиция органдарының ғимараттарына шабуылдар жасалды. Шабуыл жасаудың тағы бір мақсаты ол қару-жарақ, оқ-дәрілер мен қорғаныс құралдарын иемдену болды. Шабуылдың маңызды стратегиялық объектілерінің бірі Алматы қаласының әуежайы болды. Онда қылмыскерлер ұшу-қону жолағының жарығын өшірді, содан кейін ғимаратты қиратты және тонаулар жасады», - деді ол.


Видеодан алынған кадр

Соңғы жаңалықтар