Бас прокуратура қаңтарда полиция ғимаратына шабуылдаған 3 адамның қалай қаза болғанын анықтады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыдағы қаңтар оқиғасына қатысты 5 факті терроризм актілері бойынша тергеліп жатыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар оқиғасы кезіндегі қылмыстар бойынша тергеу органдарының өндірісінде Алматы қаласында жасалған 1 066 қылмыстық іс бар. Оның ішінде 5-еуі - жаппай тәртіпсіздік, 5-еуі - терроризм актілері бойынша. Соттың санкциясымен 205 күдікті адам қамауда. Әрбір қамауға алынған адам бойынша қылмыстарға қатыстылығы және олардағы белсенділігі туралы мәлімет жеткілікті. Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу тобы қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысында Алматы қаласы полиция департаментіне шабуылдаған 3 адамның қаза болу мән-жайларын анықтады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Айтуынша, 5 қаңтарда Алматы облысының 2 тұрғыны және Шығыс Қазақстан облысының 1 тумасы полицияның ғимаратына қарулы шабуылдар жасаған. Бұған дейін олар рөлдерін нақты айқындап, екеуі автоматпен қаруланып, біреуі жанғыш қоспаны алған. Әрекеттерін жүзеге асыру үшін алаңнан әскери жүк автокөлігін айдап кетіп, онымен полиция департаментінің ғимаратына жеткен.

«Олардың бірі полиция ғимаратына қарама-қарсы көп пәтерлі тұрғын үйдің төбесіне көтеріліп, тәртіп сақшыларын көздеп, оқ жаудырған. Сонымен қатар, ол өзінің сыбайластарын қорғаған. Екіншісі әскери көлікпен полиция департаментінің қақпасын бұзып өтуге тырысқан. Үшінші қатысушы өзге шабуылдаушыларды басқарып, бағыт-бағдар нұсқап, ғимаратқа өрт қоспасын лақтыруға әрекет еткен. Шабуылға тойтарыс беру нәтижесінде полиция қызметкерлері үшеуінің де көзін жойды», - деді Елдос Қилымжанов.


Фото: ortcom.kz

Соңғы жаңалықтар