Бас прокуратура: Халық жолдаған видеолар оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектесіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің бірнеше өңірінде болған жаппай бұзақылық кезінде түсірілген бейнежазбалар істің мән-жайын анықтауда септігін тигізуде. Осылайша қарапайым азаматтар жіберген 1500-ден астам бейнематериал зерттеліп жатыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтардың stopterrorism.kz ресми сайтына жолданған бейнежазбалары оқиғаның мән-жайын анықтауға елеулі көмек көрсетуде. Аталған сайт 12 қаңтарда іске қосылды. Қазіргі уақытта 1500-ден астам ақпарат түсті. Оны тергеушілер толық зерттеуде. Осы сайтқа келіп түскен дәлел материалдың негізінде Алматы қалалық әкімшілігінің алдында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысқан тұлғаларды анықтадық», - деді Елдос Қилымжанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, Бас прокуратура өкілі септігін тигізген, белсенді азаматтарға алғысын білдірді.

«Естеріңізге сала кетейін, бұл сайт анонимді. Яғни, ақпарат жолдаған адам туралы ешкімге айтылмайды. Келіп түскен материалдар қылмыстық істі тергеу барысында қолданылады. Бүкіл құқық қорғау органдарының қызметі қайғылы оқиғаның объективті түрде тергелуіне және заңбұзушылықтың жол бермеуіне бағытталған», - дейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін жаппай тәртіпсіздік кезінде түсірілген бейнематериалдарды жинайтын сайт ашылғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар