Бас прокуратура арандатушылыққа бой алдырмауға, жалған хабарларға сенбеуге шақырды

None
None
НҰР-СҮЛТАН. ҚазАқпарат – Бас прокуратура азаматтарды заңнаманы мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға, жалған хабарламаларға ден қоймауға және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның сайтына сілтеме жасап.

«Соңғы кездері БАҚ пен әлеуметтік желілерде арандатушылық және жалған материалдарды тарату жағдайлары жиілеп кетті. Мұндай ақпараттық хабарлар вакциналау мен босқындардың келуінен бастап, тіл мәселесіне дейінгі әртүрлі тақырыптарды қамтиды. Жалған жарияланымдар болып жатқан оқиғаларды бұрмалайды, халықты жаңылыстырады.

Мысалы, жекелеген адамдар дәрігерлер мен ғалымдардың құзыретті пікірлерін елемей, COVID-19 вакциналарының қауіптілігі мен тиімсіздігі туралы негізсіз жариялайды.

Кейбіреулер Конституцияда кепілдік берілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына – шығу тегіне, ұлтына және тіліне байланысты кемсітушілікке жол берілмейтініне ашық түрде қол сұғады.

Сонымен қатар аталған құқықтар мен бостандықтарды бұзу және шектеу, көрінеу жалған ақпарат тарату Қылмыстық кодекстің 145, 174, 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады», делінген хабарламада.

Бас прокуратура азаматтарды заңнаманы мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға, жалған хабарламаларға ден қоймауға және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады.



Соңғы жаңалықтар