Бас эколог батыста киік саны шектен тыс көбейіп кеткеніне пікір білдірді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының киік саны шектен тыс көбейіп кеткені туралы шағымына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыс Қазақстан облысында жергілікті тұрғындар киік пен үй жануарлары арасында белгілі бір бәсеке бар екенін айтып жүр. Сондықтан бүгін кешке орман шаруашылығы мен жануарлар әлеміне жауапты вице-министр, тиісті комитет төрағасы осы өңірге аттанады. Сол жерде жергілікті әкімдік өкілдерімен бірге өңір халқына түсіндіру жұмысын жүргізеді. Осы сапар аясында жұмыс тобы құрылады деп ойлаймын», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында.

Оның сөзіне қарағанда бұл жұмыс тобы киік санын реттеу ықтималдығы мәселесін зерделеп көреді.

«Баршаға айтқым келетіні, егер киік санын реттеу шарасы қолға алынса, тек биологиялық негіздемеге сүйеніп іске асырылады. Әзірге нақты шешім шыққан жоқ. Жұмыс тобы құрылады. Ол жұмыс тобына жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдері де, халықаралық сарапшылар да тартылады. Яғни, ғалымдарымыз киік санын реттеу қажет десе, тиісті шешім талқылауға енгізіледі», - деді Серікқали Брекешев.

Сондай-ақ, ол өңірдегі екі табиғи қаумалда әрі кетсе 350 мың киіктің тіршілік ету мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

«Қазір Батыс Қазақстан облысының аумағында Бөкейорда резерваты құрылғанын білетін шығарсыз. Ащыөзек резерваты да бар. Бірақ бұл екі резерватқа шамамен 250-300 мың бас киік сыяды. Ғалымдарымыздың қорытындысына қарағанда киіктердің Жайық популяциясының шекті саны 350 мың бастың айналасында болуы мүмкін. Қайталап айтайын, әзірге киік санын реттеу керек деген шешім жоқ», - деді министр.

Бұған дейін БҚО әкімі Ғали Есқалиев жергілікті шаруалардың мүддесін қорғау үшін киіктің санын реттеу қажет деген пайым айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар