+7 (701) 759 90 19
USD 425.3 EUR 501.05
RUB 5.85 CNY 65.88
Jańalyqtar

«Барселонадан» ресми түрде кеткен Мессиді қай команданың сапынан көруіміз мүмкін

2021 жылғы 6 тамыз 09:08
Бөлісіңіз:
«Барселонадан» ресми түрде кеткен Мессиді қай команданың сапынан көруіміз мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аргентинаның Морадоннадан кейінгі ең атақты футболшысы, «Барселоннаның» бағы саналған Лионель Месси испаниялық клубтан ресми түрде кететіні белгілі болды, деп хабарлайды тілшісі.

Eurosport -тың жазуынша, соңғы бір айды Месси тәуелсіз агент ретінде өткізген. 1 шілдедегі қаржы дауларынан кейін оның каталониялық клубпен арадағы келісімшарты аяқталып, тәуелсіз агентке айналған болатын.

34 жастағы Мессидің клубқа қайта оралуын соңғы келіссөз шешу тиіс еді. Бірақ екі тарап қаржылық кедергілерге байланысты келісімге келе алмайтынын мәлімдеп отыр.

«Барселона» мен Лионель Месси ортақ мәмілеге келіп, екі тараптың да жаңа келісімшартқа қол қою ниеті болғанның өзінде Испания лигасының регламентіндегі қаржылық және құрылымдық кедергілерге байланысты бұл мүмкін емес. Осы ахуалға байланысты Месси «Барселона» сапында қалмауы керек. Екі тарап та ойыншы мен клубтың келісімшартты жандандыруға деген ниет-тілегі орындалмағанына қатты өкінеді», - делінген клубтың хабарламасында.

Тәуелсіз агент мәртебесі болғандықтан, енді Месси әлемдегі кез-келген футбол клубымен келісімшарт жасай алады. Бірақ 34 жастағы Мессиді өз қатарына алу үшін оның қаржы сұранысын орындай алатын клубтардың саны онша көп емес. Англияда «Манчестер Ситидің» Мессиді өз сапына қосуға қаржылық мүмкіндігі бар. Оның үстіне «Барселонаның» бұрынғы бапкері Хосеп Гвардиола сонда жұмыс істеп жүр. Футбол сарапшылары Месси «Сити» құрамына алынып жатса, оған «Барселонада» еңбектенгендей тер төгу де қажет болмайтынын айтады. Соңғы екі жылда аргентиналық футболшы «Барсаны» алға өрлеу үшін жеке басының шеберлігіне ғана сеніп жұмыс істеген сәттері көп болған. Ал «Манчестер Ситидің» қазіргі құрамы кілең «сен тұр мен атайын» дейтін ойыншылардан жасақталған.

Кез келген талантты футболшыдан жасына қарамай ақша аямайтын «Пари Сен - Жермен» (ПСЖ) де Мессиді алуға әлеуеті бар клуб ретінде қарастырылып отыр.

Теориялық тұрғыдан алсақ, Францияның бірінші лигасы Англияның премьер-лигасына қарағанда жеңілірек болуы мүмкін. Бұл Мессиге Чемипондар Лигасы сияқты халықаралық турнирлерге көбірек күш салуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Парижде оның жақын достары Неймар мен Анхел Ди Мария бар. Шабуыл өтінде бұл екі таланттан бөлек Килиан Мбаппемен бәсекелесу керек болады.

Флорентино Перес Мессиді «Реал Мадридке» алғысы келеді» деген сыбыс та бар. АҚШ футбол лигасындағы ауқатты клубтар да «Галатасарай» сияқты Таяу Шығыстағы бірен-саран клуб та Мессидің талап еткен еңбекақысын бере алады. Бірақ Месси әлі де болса, әлемдегі ең үздік футболшы болып саналғандықтан, оған Еуропа алпауыттарынан орын табу тиімді. Осыны ескерсек, Месси үшін негізгі талас «Менчестер Сити» мен «ПСЖ» арасында өтуі мүмкін.

«Барселона» сапында Месси алтыншы «Алтын добын» алды. Ол 778 матчта 672 гол соққан команданың үздік сұрмергені және 520 матчта 474 гол соққан испан лигасының үздік сұрмергені ретінде қазірдің өзінде тарихқа есімін жазып үлгерген. Каталониялық клуб сапында 2004 жылдан, 17 жасынан бері ойнап келді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT