Барлық тауқыметті бірліктің арқасында жеңген елміз - «Ауыл» партиясы мәлімдеме жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан төтенше жағдайдан туындауы ықтимал әлеуметтік және экономикалық мәселелерге байланысты өте маңызды шешімдер қабылдап, билік органдарына олардың орындалуы бойынша нақты тапсырмалар берді. Елімізде короновирус індетінің ең алғашқы белгілері пайда бола бастаған кезден-ақ Президент тарапынан уақтылы шешімдер қабылданып, індеттің таралуының алдын алу бойынша шұғыл шаралар қолға алынып жатыр. Жер жаһанды қыспағына алып, әлем экономикасын дағдарысқа ұшыратып жатқан төтенше жайт, өкінішке қарай Қазақстанның да экономикасына ауыр соққы болып тиері анық» делінген партия мәлімдемесінде.

«Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты қабылдап жатқан шешімдеріне толықтай қолдау көрсетеді.

«Барша қазақстандықтарды дәл осындай сын сағатта ел Президентінің төңірегінде топтасып, халқымыздың әлеуметтік әл-ауқатын тұрақтандырып, экономиканы тығырықтан алып шығу мақсатында атқарылып жатқан бастамаларға қолдау көрсетуге шақырамыз. Қазір ерлерімізбен бірге елдігіміз де ауыр сыннан өтуде. Әлемде індетке дер кезінде мән бермей, шешімді кеш қабылдап, жағдайға немқұрайлы қараған елдердің қандай қиындықтарға тап болып жатқанын көріп-біліп отырмыз. Біздер, қазақстандықтар тарихымызда қандай тауқыметті болмасын бірлігіміздің арқасында жеңген елміз. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейтін бабаларымыздың аманаты бүгінгі таңда әр азаматтың ұранына айналса, ел болып төнген тауқыметтің бетін қайтаратынымызға сенеміз» дейді партия басшылығы.


Соңғы жаңалықтар