Барлық өңірде жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Барлық өңірде әкімдіктерімен бірлескен «Отбасы банкінің» жеңілдетілген ипотека бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Сенаттағы жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2025 жылға дейін барлық өңірде әкімдіктермен бірлескен «Отбасы банкінің» жеңілдетілген ипотека бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары 3 өңірде, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Енді жыл соңына дейін басқа да өңірлерде осы тектес бағдарламаны іске қосу қарастырылып отыр», - деді Е. Тоғжанов.

Оның айтуынша, 2019 жылдан бері жұмыс істейтін жастарға 7 мың жалға берілетін (Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент) баспана ұсынылды. 2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастарға 12 мың пәтерді ұсыну жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін жалдамалы тұрғын үй беру қағидаларына жастардың айлық табысын растау талаптарын 40 АЕК-тен 25 АЕК-ке дейін төмендету бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Бұл жастардың жалға берілетін баспана алу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.

«Қазіргі кезде «Отбасы банкінің» жинақтаушы баспана депозиттерінде 250 млрд теңгеден астам сомаға жастардың (29 жасқа дейінгі) 500 мыңнан аса депозиті ашылды. 2025 жылға қарай жастардың баспана жинақтарының көлемін 800 мың депозитке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін жастар арасында баспанаға алуға жинақ ашу мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй салымын жинақтаудың маңызын біздің жастарымыз түсінуі қажет. Әрбір отбасының берекесі шаңырақтан басталады. Ол үшін тынымсыз еңбек пен ұқыпты қаржы жинақтау мәдениетінің маңызы ерекше үлкен», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы М. Әшімбаев барлық реформаның түпкі мақсаты да жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналғанын атап өтті.

Сонымен қатар ол университет бітірген түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоқ екенін айтты.

Сенатор Нұртөре Жүсіп елдегі ЖОО мен колледждерді бітірген, бір емес, қолдарында бірнеше дипломы бар жастар еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай отырғанын жеткізді .


Соңғы жаңалықтар