«Бәріне қарсымын»: Сайлау бюллетенін өзгертуге қатысты маман пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін жаңа Конституциялық Заңның жобасы қазір Мәжіліс қарауында жатыр. ҚазАқпарат Әділет министрлігі Заңнама департаменті әкімшілік заңнама басқармасының басшысы Салтанат Серікбаеваның аталмыш құжат туралы пайымын ұсынады.


2021 жылғы 15 қаңтарда жетінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендетіп, сондай-ақ сайлау бюллетеньдеріне «Бәріне қарсымын» деген тармақ енгізуді тапсырды.

Осыған байланысты Үкімет «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға тиісті түзетулер әзірледі.

Саяси партиялардан өту шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендету саяси бәсекелестікті арттырып, мемлекет саясатын жүргізу кезінде халықтың пікірін көбірек ескеруге мүмкіндік береді.

Азаматтарды таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету үшін «Бәріне қарсымын» деген тармақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне енгізілетін болды.

Бұл түзету азаматтарға бірде-бір кандидатқа дауыс бермей-ақ, конституциялық құқығын іске асыруға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға немесе кандидаттардың бәріне қарсылығын заңды түрде білдіру құқығы кең таралған.

Мысалы, Ресей Федерациясының жергілікті өзін-өзі басқару сайлауында азаматтар кандидаттардың бәріне қарсы екенін білдіре алады. Осыған ұқсас заңнамалық ережелер Үндістан, Аустралия сияқты бірқатар мемлекетте бар. Испанияда кандидатураларды мақұлдамау құқығы урнаға бос бюллетень салу арқылы іске асырылады.

Қазақстанда 1998 жылдан 2004 жылға дейін сайлау бюллетенінде «Бәріне қарсы дауыс беремін» деген баған болған. Кейіннен Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 14 сәуірдегі № 545 Заңымен сайлау туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізіліп, бәріне қарсы дауыс беру мүмкіндігі жойылды.

Ел дамуының сол кезеңінде мұндай шешім халықаралық бақылаушылар тарапынан оң реакция тудырған болатын. Азаматтарға бюллетеньде «Бәріне қарсылығын» білдіруге мүмкіндік беру арқылы әртүрлі деңгейдегі кандидаттарға қатысты сайлаушылардың көзқарасын нақты бағалауға болады.

Қазіргі таңда аталған түзетулері бар заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Бұл төңіректегі қызу тылқылауларға депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге сарапшылар, қоғам өкілдері де қатысуда.

Заң жобасы ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауға мүмкіндік ашады. Құжатпен Парламент Мәжілісінің сайтында танысуға болады.


Соңғы жаңалықтар