Балқашта сауықтырудан өтетін ерекше балалардың саны 2 есе артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының Балқаш қаласындағы филиалында сауықтырудан өтетін балалардың саны 2 есе арттыру мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында осындай мәлімет айтылған.

«Балалардың барлық санаттарына арналған сауықтыру және демалыс шараларын республикалық деңгейде «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы ұйымдастырды. Орталықта және оның филиалдарында жыл сайын 16 ауысымда 15 498 бала сауықтырудан өтеді. Оның ішінде 4765 бала жазғы кезеңде, 10 773 бала оқу жылының уақытында (Щучинск қаласында - 4608, Қапшағай қаласында - 4250, Түркістан облысында - 4160, Балқаш қаласында - 2480) орталықта болады», - деп жауап берді Асқар Мамин депутаттардың сауалына.

Сондай-ақ, ол «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заң бойынша, жолдамалардың кепілдік берілген квотасы жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, Қазақстанның экологиялық қолайсыз өңірлерінен шыққан балаларға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балаларға, толық емес отбасылардан шыққан балаларға (20% - 3100 орын), көркемөнер мектептерінің шәкірттеріне (10% - 1150), шығармашылық бағыттағы балаларға (10% - 1150), ауылды мекендердің оқушыларына (5% - 775), дарынды балаларға (55% - 9 323) ұсынылатынын атаған.

«2021 жылға арналған республикалық бюджетте және 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында балаларды, оның ішінде ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды (жыл сайын 18 236 бала) сауықтыру, оңалту және олардың демалысын ұйымдастыру үшін «Балдәурен» орталығы, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы, «Түзету педагогикасы орталығы» 4 375 994 мың теңге көзделген. Ерекше білім беруге мұқтаждығы бар бар балаларға орталықтың Балқаштағы филиалында сауықтыру және оңалту ұйымдастырылды. Онда жыл сайын 880 орын қарастырылған. Сауықтырудың осы түрімен жыл сайын қамтылатын балалардың санын 2 есе ұлғайту (1600 бала) мәселесі пысықталуда», - деп жазылған жауапта.

Асқар Маминнің айтуына қарағанда, Қазақстан бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 161 826 бала бар.

«Оларды оңалтумен денсаулық сақтау жүйесінің 36 оңалту орталығы айналысады. Оның ішінде 3 республикалық және 33 өңірлік мекеме бар. Биыл бірінші жартыжылдықта ерекше білім беру мұқтаждығы бар 31 671 бала медициналық оңалтудан өтті», - деп жазады Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар