Балқашта «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Балқаш қаласында кезекте тұрғандар үшін екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс алаңындағы жұмыстар 70 пайызға орындалды. Оның жанында тағы екі бес қабатты үйлер салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10-ықшамаудандағы 19-үйде әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Коммуникациялар дайын. Бірнеше айдан кейін алғашқы тұрғындар қоныстана алады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құнының 20 пайызын жинағандар 45 пәтер алатын болады.

«Сыртқы қабырғалар қалыңдығы 120 мм, ал қабырғаның өзі 630 мм минералды плиталармен қапталған. Жақын жерде жылу трассасы өтеді. Жыл сайын екі бес қабатты үйді қолданысқа береміз, шағым жоқ», - дейді «Балқаш Жібек жолы» ЖШС құрылыс учаскесінің бастығы Жандос Рахымберлинов.

Сегіз бригада жаңа құрылыстың ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатқанда, басқа топ шатырлармен айналысады.


Бұл үйдің қарама-қарсы жағында тағы бір - №18 үй салынып жатыр. Ондағы пәтерлер кезекте тұрғандарға жалға беріледі.

Құрылыс алаңында барлығы 40 балқаштық жұмыс істейді.

«Жалға берілетін тұрғын үй кезекте тұрғандарға бөлінеді. Қазір Балқаш бойынша кезекте 1 500 адам тұр. Бұл үйде 15 үш бөлмелі және тағы да сонша бір бөлмелі және екі бөлмелі пәтер бар», - деді Балқаш қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Саятбек Мусин.

Сондай-ақ, Балқаш қаласының 10-шағынауданында №16 және 17-ші 90 пәтерлік екі үйдің құрылысы үшін іргетас дайындалуда. Оларды 2021 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар