Баласы менингитке шалдыққан алматылық келіншек дәрігерлердің селқостығына шағымданды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Баласы менингитке шалдыққан алматылық келіншек Балалар жұқпалы ауруханасы дәрігерлерінің селқос қатынасына шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанар Садуақасованың айтуынша, ұлы жұқпалы аурулар ауруханасында 4-күн жатыр. Оған «сірлі менингит» диагнозы қойылған. Үлкен қызы онымен байланыста болғанына қарамастан одан тексеруге қан да алмаған. Ал екінші қызы мен ұлына пункция (жұлыннан сұйықтық алу) жасаған. Ал медицина қызметкерлері оларға ауырсынуды басатын дәрі-дәрмек салмаған.

«Балаларымның айғайы өмір бойы құлағымнан кетпестей болды», - дейді ол.

Балалардың анасы процедура жасар алдында анестезия неліктен қолданылмағанын білгісі келеді.

«Бірнеше күннен кейін балама бұл процедурадан қайта өту керек. Егер сырқатынан жазылмаса, қайта жасалады және айығып кеткенше жасала береді. Осы аурухананың 6-бөлімінде жатқан барлық балалар осы процедурадан өтеді. Егер анестезия бар болса, балаларға неліктен салынбайды? Қаржы жоқ па? Әлде біздің балаларымыз шыдай тұруы керек пе? Көптеген ақпараттық сайттарды қарап шықтым. Пункция алар кезде анестезия салынатыны тайға таңба басқандай жазылған. Мен аурухана дәрігерлерінен жауап алғым келеді. Және науқастармен байланыста болған, жедел жәрдеммен жеткізілген балалардан неліктен тіпті қан алынбайды?», - деп жазады ол.

Алматы тұрғынының бұл шағымына Балалар жұқпалы ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин жауап берді.

«Құрметті Жанар Садуақасова. Мен аталған аурухананың бас дәрігері ретінде люмбальды пункцияның өзінің көрсеткіші бар екендігін айтамын. Науқаста интоксикация белгілері, бас айналуы болса ғана пункция жасалады. Алгоритм бойынша пункция алдында 0,5 пайыз новокаин немесе 1 пайыз лидокаин жергілікті салынады», - деді бас дәрігер.

Сонымен қатар дәрігер жақындарынан анализ алынбауына байланысты түсініктеме берді.

«Сірлі (вирустық) менингит менингококк жұқпасы емес. Сірлі менингитте жақындарынан қан алудың қажеттілігі жоқ. Ал менингококк жұқпасы 11 маусымнан бастап тіркелген жоқ», - деді Ержан Сералин.

ҚР ДСМ таратқан ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда қазіргі таңда менингококк жұқпасының 63 жағдайы расталды. Олардың ішінде 2 адам стационарлық ем қабылдап жатыр. 48 адам ауруханадан жазылып шықты. Жыл басынан бері 13 адам қаза болған.

Соңғы жаңалықтар