Баланың болашағына ықпал ететін үш адам - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шет мемлекеттерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Баланың жарқын болашағына ықпал ететін үш адам бар - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Балалар қандай адаммен етене байланыста болса, өмірлік сапарын дәл сол тұлға сияқты бастайды. Балаға ең жақын үш адам баланың өмір жолына бағдар сілтейді, деп жазады kazakcnr.com сайты.

«Баланың кім болуын белгілейтін үш адам» атты танымдық мақалада перзент тәрбиесіндегі өзекті мәселелер туралы ой қозғалған. Онда бала болашағының жарқын болуына тікелей ықпал ететін – ата-анасы мен ұстазы екені айтылған. Төменде осы мақаланың ықшамдалған өзекті деген тұсы беріліп отыр.

***

«Әке ـ асқар тау» дейді халқымыз. Міне, осыдан-ақ әкенің бала үшін кім екенін түсіне қоямыз. Әке ـ перзент өмірінің жарқын болашағына негіз қалайтын тұлға. Отбасында әке баланың – ең жақсы үлгісі, тамаша ұстазы. Әдетте, балалар әке бойындағы таңдаулы қасиетті өзіне мақтан тұтады және өзіне де осы өлшеммен талап қояды. Әкесі үнемі серік болатын, әке қамқорлығына барынша бөленген бала күнделікті өмірде батыл, өз-өзіне сенімді, басқалармен араласқанда жасқаншақтамай, тура сөйлеп, өзін еркін ұстайды.

Американың Йель университетінің зерттеуінше, ер адамға ілесіп есейген балалардың ақыл-ой өресі жақсы дамып, мектептегі үйрену нәтижесі де үздік болады екен. Олар қоғамға шыққан соң жұмысын табысты істей алады. Сондықтан, перзентім үздік болсын десек, әкелердің ой өрісі кең болуы, көбірек уақыт бөліп, балалармен бірге болуы қажет. Әкенің үздік болуы – бала үшін таптырмас тәрбие!

Ана күллі ғаламға үн-түнсіз ғана тіршілік нәрін сыйлап, өмір беріп тұрған суға ұқсайды. Ол отбасына жылулық сыйлайды, балаға сүйіспеншілік нұрын сеуіп, нәзіктікті, биязылықты үйретеді. Баланың кісілігі, мейірімді, мерейлі болуы анасынан келеді.

Сәбилер әдетте ең көп уақытты анасымен бірге өткізеді. Аналар әлемнің жарығын сыйлағаннан бастап-ақ, балалар негізінен оған иек артумен болады.

Әйелдің мінез-құлқы жайдары, жанұяны шаттыққа бөлей алса, балалардың көңіл-күйі орнықты, ортақ шаңырақ ордасы тәту-тәтті келеді. Ал, керісінше, мінезі нашар, үнемі дауыс көтере сөйлеп, басқаларға ашу шақыра жөнелетін әдеті болса, бала да кері ықпалға ұшырайды. Ондай ортада өскен балаңыз тым жасық, қорғаншақ, уайымшыл не өте ызақор, ашушаң болып ержетеді.

Белгілі ғалым Уильям Дэймон «Мақсатқа апарар жол» атты кітабында «Баланың есейуінде отбасынан бөлек маңызды рөл атқаратын ерекше адам – ұстаз» дейді. «Бір күндік ұстаз ـ мың күндік әке» деген екен бұрынғылар. Осыдан-ақ, ұстаздық етуші кісінің балаға болатын ықпалы қаншалық екенін біле беріңіз. Күнделікті сабақ барысында оқушы бір педагогты ұнатпай қалса, оның сол мұғалім беретін сабақты үйренуге ықыласы азаяды. Ал керісінше, оқушы ұстазды жақсы көретін болса, оның пәнін үйренуден еш жалықпайды.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейтін аталы сөз бар. Оқытушы баланың білім алу көзқарасына әсер ете алады. Ұстаз балаға үйренудің үздік натижесін сыйлай алмаса да, оларды білім алуды сүйетін, ынталы етіп тәрбиелей алады. Мұндай оқытушының қолынан шыққан бала үйренуден мезі болмайды, қашқалақтамайды. Тәрбиенің артықшылығы міне, осында. Оқытушының кішкентай ғана іс-әрекеті осыншама керемет нәтиже жарата алады.

Моңғолия Ресейге гуманитарлық көмек көрсетеді - KAZNEWS

Моңғолия Ресей Федерациясына коронавирус індетін жеңуге көмектесу үшін 76 миллион рубль, яғни 1 миллион АҚШ долларына тең келетін ет, ет өнімдерін жіберетін болады, деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Моңғолия Премьер-министрі У.Хүрэлсүх Ресей Федерациясының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі И.К.Азизовты қабылдап, Ресей Үкіметі мен халқына көрсеткен гуманитарлық көмектің куәлігін табыс етті. Моңғолия мен Ресей арасындағы толыққанды стратегиялық ынтымақтастықтың одан әрі дамуына аталмыш гуманитарлық көмек өз үлесін қосатын болады», - делінген ақпаратта.

Ерте заманғы қола шәйнектің ішінен беймәлім сұйықтық табылды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайдың Хэнань провинциясындағы археологиялық қазба жұмыстар кезінде пішіні ерекше жасалған басы қазға ұқсаған қола шәйнек табылды, деп жазады kazakcnr.com сайты.

Дерек көзінің мәліметінше, ежелгі қорымнан табылған өте әдемі пішіндегі қаз басты қола шәйнектің ішінде 3000 миллилитрден астам беймәлім сұйықтық сақталған екен.

«Мамандар аталған ежелгі қабірді Цинь патшалығының соңы мен Хань патшалығының бастапқы кезеңіне тиеселі тарихи қорым деп тұжырымдаған (біздің заманымыздан бұрынғы 206 жыл). Қабірге сол кезде дәрежесі төмен болған ұлық жерленген деген пайым бар. Бұл жерден қаз басты қола шәйнектен басқа, қола тегене, темір семсер, қас тасынан жасалған семсер секілді бұйымдар табылды. Ал қаз басты шәйнектің ішінде сақталған беймәлім сарғыш қоңыр түсті сұйық заттың нақты құрамы мамандардың зерттеуіне ұсынылды», - делінген мақалада.

Өзбекстанда отандық мультфильмдерді жасауға 4,4 миллиард сумнан астам қаржы бөлінді - «ӨзА» ақпарат агенттігі

2019 жыл Өзбекстанда 12 мультфильмнің экранға шығуы үшін бюджеттен 4 миллиард 458 миллион сум көлемінде қаржы бөлінген, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«Өзбеккино» Ұлттық агенттігінің мәліметінше, 2019 жылда бюджеттен бөлінген бұл қаржының 3,4 миллиард сумы мультипликациялық 9 фильмнің экрандалуы үшін мемлекеттік мультимедиалы студияға берілген. Қалған 1 млрд 58 млн сум 3 анимациялық туындыны таспалауға жеке студияға аударылды. Ал биылдан бастап «Өзбеккино» Ұлттық агенттігі анимациялық туындыларды экрандауға арналған мемлекеттік қаржыны тек тендер арқылы беру жүйесіне көшкенін айтады. Онда 3 анимациялық туынды үшін тендерден жеңіске жеткен екі жеке студия мен 1 мемлекеттік шығармашылық топ тапсырыспен жұмыс бастаған», - деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Түрік тілін үйрену бойынша халықаралық онлайн-курс жалғасуда - TRT

Әзербайжан және Қазақстанда жалғасқан түрік тілінің онлайн курстарына енді Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстан қосылды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Юнус Эмре институтының түркі әлемінің студенттеріне цифрлық түрік тілі курс жұмыстары жалғасуда. Алпысқа жақын елде қызмет атқаратын Юнус Эмре Институттың Баку өкілдігі «Түркияны жақыннан тануға қалай қарайсың?» деген ұранмен бастаған онлайн түрік тілі курсына Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстаннан 750 студент өтініш берді. Түрік тілі курстары бір жыл бойы жалғасады», - деп жазады TRT.

Иран ғылым саласы бойынша әлемде 15-орында - «Фарс» ақпарат агенттігі

Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани коронавируспен күрес ұлттық штабының отырысында Иран ғылым саласы бойынша әлемде 15-орында тұрғанын айтты, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

Хасан Рухани коронавируспен күрес ұлттық штабының отырысында сөйлеген сөзінде: «Иран ғылым саласында әлем бойынша – он бесінші, Батыс Азия аймағы мен ислам әлемінде бірінші орында», - деді. Рухани сөзінің жалғасында елдегі коронавируспен күрес саласындағы медициналық персоналдың ғылыми-зерттеу жетістіктерін қуаттап:«Иранның медицина саласының қызметкерлері әрқашан мақтан тұтуға лайық болды», - деп мәлімдеген.


Соңғы жаңалықтар