Балалардың тамақтан улануы: Балабақша талаптарға сай жұмыс жүргізбеген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов балабақша балаларының улану жағдайына қатысты толық ақпаратты ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

«Happy minds» жекеменшік балабақшасында толығымен тексеру жұмыстары 20 қыркүйекте аяқталып, нақты тексеру нәтижелері айтылады. Қысқаша айтқанда, осы жылдың 9-10 қыркүйегі аралығында балалар арасында ішек инфекциясымен уланудың бірнеше жағдайы тіркелді. 7-8 қыркүйек аралығында Балалар инфекциялық ауруханасына 8 бала келіп түскен. Олардың қызуы көтеріліп, құсып, тәулігіне 3-5 мәрте іші өтіп ауырған», - деді Сәдуақас Байғабылов.

Оның айтуынша, ауруханаға түскен балалар аталған балабақшаның әртүрлі тобындағы 3-5 жас аралығындағы 8 бала.

«Тексере келе балаларға Shigella sonnei-ден келген дизентерия диагнозы қойылды. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық тергеу амалдары жүргізілуде. 20 қыркүйекте жекеменшік балабақшада нақты тамақтан улану жағдайына не себеп болғаны анықталады. Материалдардың бәрі сотқа жолданып, тиісті шешім қабылданады. Балабақша жұмысын жалғастыра ма, жоқ па – сонда белгілі болады», - деді ол.

Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, өз бастамалары бойынша балабақша жұмысын 9 қыркүйектен бастап тоқтатқан.

«Олар (балабақша әкімшілігі-авт) бұрын бізге рұқсат беру құжатын алу туралы өтініш білдіріп келген болатын. Алайда жалпы тиісті талаптарға сай болмағандықтан, оларға рұқсат берілмеген. Шағын және орта бизнес нысанын тексеруге шектеу қойылғандықтан, біз оны тексере алмаймыз. Тексеру үшін шағым түсу керек. Санаулы күндерден кейін нақты тексеру нәтижесін жариялаймыз», - деді департамент басшысы.

Еске салсақ, кеше елордалық дамыту орталығында бірнеше баланың тамақтан уланып қалғанын хабарланған болатынбыз.

«Балалардың улануы бойынша айта кетейін. Біз бұйрық шығардық, тиісті комиссия құрылды. Тексеру жүргізіп жатырмыз. Жұмысқа қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің де өкілдерін тарттық. Қорытынды бойынша тиісті шаралар қабылданады. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар жеке кәсіпкерлік кодексі бойынша жұмыс жүргізеді», - деді Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.



Соңғы жаңалықтар