Балалар үйін жаппау кей адамдарға тиімді болып отыр – Аружан Саин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Қазақстанда бала асырап алуда қандай кедергілер бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2006 жылдан бері біздің қор «Казахстан без сирот» жобасы арқылы еліміздегі жетім балалардың санын азайту үшін жұмыс істеп келеді. Бұл туралы көп жаздық, заңнаманы өзгертуге де қол жеткіздік. Ата-ана қарауынсыз қалған бала балалар үйіне түседі. Әрине, елдегі әлеуметтік жағдай жоғары болған сайын, ата-аналар да балаларын қалдырмас еді. «Аналар үйі» де көптеген әйелге баласымен паналауға мүмкіндік беріп, балалар үйінің азаюына ықпал етті. Мұнда әйелдерге жаңа кәсіп үйреніп, оқу оқып, өз аяғына тұрғанша көмек көрсетіледі. Қараусыз қалған балалар туралы деректер банкін аштық. Қазақстанда мыңдаған адамдар балалы болғысы келеді, бала асырап алғысы келеді», - деді Аружан Саин Фейсбукте өткен Antikor.live конференциясында.

Сонымен бірге, спикер бала асырап алуға кедергі келтіретін жүйе туралы айтып берді.

«Маған түрлі шағымдар келеді: талап етуге құқығы жоқ құжаттарды сұратады, баланы таңдауға мүмкіндік бермейді, құжаттарды жинап әкелген адамға да «бала жоқ» деп жауап береді. Қалайша жоқ? Балалар үйіндегі әр бала отбасында өмір сүруге лайықты. Мұның барлығы мемлекеттік қаражат есебінен жұмыс істейтін мекеме жүйесіне байланысты болып отыр. Мұндай мекемеге әр бала үшін айына 200 мың теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бала көп болған сайын, ақша да көбейеді. Мұндай біртұтас жүйені бұзу қиын. Олар үшін балалар үйінің жабылмай, жұмыс істеп тұрғаны тиімді. Біз түрлі өңірлердегі прокуратуралармен жұмыс істейміз. Олар бұл саладағы ауқымды жымқыру фактілерін анықтап отыр. Балалар – бұл жүйенің тұтқыны, өседі де қайда барарын білмейді. Егер әр бала өз отбасын тапқанда, бала болашағы да, жағдай да басқаша болар еді. Әзірге бұл мәселенің жалғыз шешімі – балалардың отбасында тәрбиеленуі», - деді А. Саин.

Сөз соңында спикер балалар үйінде тәрибеленгендердің мүлік мәселесі туралы пікір білдірді.

«Көптеген балалар ата-анасынан, ата-әжесінен қалған мұрасы (пәтер немесе үй) бола тұра балалар үйіне түседі. Кейін балалар үйінен шыққанда, еш мүліксіз қалады. Біз бірнеше баланың мұра үшін күресуіне көмектестік. Волонтерлер құқықтық тұрғыда қол ұшын созды. Бірнеше жыл сотқа бардық, БАҚ өкілдерін шақырдық. Балалардың мүлкі бойынша мұқият тексеру жұмыстарын жүргізу керек», - деді уәкіл.

Бұған дейін Аружан Саин пандемия кезіндегі балалардың құқығын қорғау жұмыстарын баяндаған еді. Сондай-ақ, спикер карантинде төленетін жәрдемақыны бала санына қарай тағайындауды ұсынды.


Соңғы жаңалықтар