Балалар спорты: Президент тапсырмасын орындамаған әкім орынбасарлары жазаланады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жергілікті әкімдіктер балалар мен жасөспірімдерді спорттық және шығармашылық үйірмемен қамтамасыз ету ісіне салғырт қарап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожақапанов Үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында осындай мәлімет берді.

«Балалар мен жасөспірімдерді үйірмелермен қамту ісінде жан басына шағып қаржыландыру тетігі іске қосылғанын білеіздер. Осылайша 4-18 жас аралығындағы жастарды мемлекеттік тапсырыс арқылы мәдениет және спорт үйірмелерімен қамтамасыз ету жолға қойылды.

20 сәуірде республикалық бюджет комиссиясы жергілікті бюджеттен бөлінетін спорттық және шығармашылық тапсырыстың көлемін мақұлдады. Спорт бағыты бойынша 5 млрд теңгеге 40 539 бала мен жасөспірімді қамту көзделіп отыр. Ал мәдениет саласында 2 млрд 518 млн теңгеге 24 529 бала мен жасөспірімді қамту көзделген», - деді вице-министр.

Дегенмен, өңірлердің басым бөлігі бұл шаруаны қажетті деңгейде атқармай отырған көрінеді. Сондықтан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Президент тапсырмасын орындамаға әкім орынбасарларын жауапқа тарту туралы шешім қабылдапты.

«Өңірлер Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын сылбыр орындап отыр. Үкімет жергілікті атқарушы органдарға балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттің тапсырыстың ішінде спорттық және мәдени тапсырыстардың үлесін 20 пайызға дейін көтеруді тапсырған болатын. Бірақ, өкінішке қарай бұл тапсырма баяу орындалып жатыр.

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғажновтың атына осы жайттың бәрін баяндап, хат жолдаған болатынбыз. Мемлекет басшысының тапсырмасын орынламаған әкім орынбасарларын жазалау туралы шешім шығарылды», - деді Ерлан Қожақапанов.

Оның айтуынша, спорт бағыты бойынша Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Қызылорда және Алматы қалаларында балалар мен жасөспірімдерді мемлекеттік тапсырыспен қамту деңгейі бір пайызға да жетпейді. Ал мәдениет бағыты бойынша Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстарында тапсырыстың үлесі 1 пайызға жетпеген.


Соңғы жаңалықтар