Балалар хирургі: Ең кішкентай пациентім – 500 грамдық сәби

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 600-700 грамм салмақпен шала туған нәрестелерге ота жасау ойда ерекше сақталып қалады. Бұл туралы елордада өткен патриоттар форумында марапатталған дәрігер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің облыс жаңа туған сәбилердің өмір сүру деңгейі бойынша Қазақстанда көшбасшы болып тұр. Қазақстан бойынша сәбилердің өмір сүру деңгейі - 66% болса, бұл көрсеткіш Павлодар облысында - 95-97%. Бұл – дәрігерлердің білікті, білімді, тәжірибелі мамандар екенін білдіреді», - дейді балалар дәрігері, Павлодар облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Ерлан Рамазанов.

Хирург өмірінде жасаған ең күрделі ота туралы айтты.

«Балалар хирургы болып еңбек етіп жүргеніме 16 жыл болды. Біз ми мен жүректен басқа жердің бәріне ота жасаймыз. Менің практикамда ең ұзақ жасалған ота 12 сағатқа созылды. Мен жаңа туған нәрестедан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға ота жасаймын. Отаның оңайы жоқ, бірақ 600-700 грамм салмақпен шала туған нәрестелерге ота жасау менің ойымда ерекше сақталып қалады. Менің ең кішкентай пациентім – 500 грамдық сәби. Жаңа туған нәрестенің ішегіне ота жасап, қуанышқа орай операция сәтті өтті», - дейді ол.

Еске сала кетсек, салтанатты іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен 200 делегат қатысты. Оның ішінде өз кәсібінің үздік өкілдері, ел үшін қалтқысыз қызмет етіп, күнделікті еңбегімен және үлгілі ісімен жұрт назарына ілінген азаматтар «Жыл патриоты» номинациясымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар