Балалар әдебиетіне жанашырлардың басын қоссақ дейміз: Ербол Бейілханмен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана жанынан Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау кеңесі құрылған болатын. Осынау жауапты міндеттің жұмысын үйлестіру ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық поэзия академиясының академигі Ербол Бейілханға сеніп тапсырылды. ҚазАқпарат тілшісі кеңес төрағасымен алдағы жоспарлар мен қазіргі балалар әдебиетінің жай-күйі туралы сұхбат құрды. Оқырман назарына сол сұхбатты ұсынып отырмыз.

- Ұлттық академиялық кітапхананың балалар әдебиетіне осылайша көңіл бөліп, тұтас бір кеңес ұстап отырғаны құптарлық іс екен. Міндетіңізге қандай жұмыстар кіреді? Сұхбатты осыдан бастасақ. Өңір-өңірлердегі балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапханаларға нұсқау беріп, жұмысын үйлестіріп отыратындай құзыреттеріңіз бар ма? Егер бар болса, ондағы проблемалар мен оң үдерістер туралы қысқаша мәлімет бере кетсеңіз.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған мақаласының «Қоғам мен құндылық» тарауында: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары», - деп атап айтқан болатын. Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаеваның 2021 жылды «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау жылы» деп жариялау туралы ұсынысы, осы бастаманың жаппай қолдау табуы көп жайды аңғартса керек. «Сұрағанға – тілеген, іздегенге – сұраған» дегендей, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлованың шешімен 2021 жыл «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау жылы» болып жарияланды. Расында да 30 жыл бойы балалар әдебиетіне көңіл бөлінбей келді. Министрдің шешімі кеш те болса, сол олқылықтың орнын толтыруға септігі тиетін үлкен бастаманың басы деп қуанып жатырмыз.

Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау кеңесін» құрсақ деп бір топ ақын-жазушыны шақырып, ақылдасты. Сол кезде кеңестің төрағалығына мені ұсынған еді. Кішкентай болғанмен, жауапкершілігі аса жоғары, жұмысы да көп, сауабы да бар бұл жұмысқа жүз толғанып, балалар үшін жасалатын бір жақсы бастаманың қасында болайық деп келдім. Ұлттық академиялық кітапхана жанынан құрылған «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау кеңесі» құрамына үш бірдей министрлік, республикалық қоғамдық ұйымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, белгілі меценаттар, баспагерлер кіреді. Кеңестің алғашқы басқосуын жасап, көптің ұсыныс пікірімен кеңес мүшелерін бекіттік. Қазір кеңестің құрамына кіретін әр мүшесіне жеке-жеке ресми хат жолданып, кеңестің бағдарламасы мен мақсатын таныстыру шаралары жүріп жатыр.

Кеңестің құрамынан-ақ байқаған боларсыз, салмағы басым, мақсаты айқын – балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің дамуына үлес қоса отырып, кітап пен оқырманның арасына достық дәнекер орнату. Біз қазір республикадағы барлық кітапханамен бірлесе жұмыс жасауға келісіп отырмыз. Кейбір өңірлік кітапханалар өз жобаларын ұсынып, бізбен жұмыс жасауға қуана келісіп отыр. Сондықтан да кеңестің атқаратын жұмысы тұтас республиканы қамтиды деуге әбден негіз бар.

- Өзіңіз де әдебиеттің өкілісіз. Бағыңызға орай деп айту керек шығар, қазақ кітап оқудан жерімеген, рухани құлқынын аш ұстамауға мұрсаты болған кезде өмір есігін ашып үлгерген буыннансыз. Қазір өзіңіз де бала тәрбиелеп отырсыз. «Әке – балаға сыншы» дейді ғой. Өз перзенттеріңіз бала Ерболмен салыстырғанда қаншалықты кітапқұмар?

- Біз – көшпенді өмір мен отырықшы тірлікті қатар көрген, оқығанымызды көңілге тоқыған буынбыз. Бала күнімізден жұмысқа түстік, қозы, қой бақтық, бие сауғыздық. Көшпелі өмірдің тірлігі біткен бе, біз араласпаған іс жоқ шығар. Сүйтіп жүріп қойны-қоншымызға кітап тығып, соны рухани азық қылған, кітаптағы әрбір детальге сүйінген, күйінген, жақсы кейіпкерлерден бойымызға жақсылық жинаған, жаман кейіпкерлерден жерінген ұрпақпыз. Заман өзгерді, қоғам жаңарды. Жастардың дүниетанымы, талғамы бөлек. Жан-жағы қаумалаған қызыл-жасыл дүние, толассыз ақпарат. Солай бола тұрғанмен, өз балаларыма кітап оқытамын. Оқығанын сұрап, пікір алмасамыз. Қазіргі балалардың талғамы бөлек екенін айттым. Кезінде біз оқыған дүниелерге қызыға бермейді. Шетелдік жауһарлар мен мотиватциялық кітаптарға бейімдеу.

- Баласының кітап оқымайтынына жаны ауыратын, соны түзеуге тырысып жүрген адамдарды жиі кездестіреміз. Соған қарағанда, бәрі құрдымға кетті деуге де болмайтын шығар. Бірақ біздің тырмысқан әрекетімізді гаджет пен әлеуметтік желілер он орап кетіп жатқан сияқты. Интернеттің өмірімізге дендеп енгені сонша, танымалдықты монетизациялау, содан пұл табу оңай іске айналған. Ал кітаптан алған білім мен тәрбиені оңай мотенизациялай алмайсыз. Осы тұрғыдан алсақ, қазір кітапхана қызметкерлеріне де аудитория жинау оңай емес шығар. Бұрынғыдай, қосымша білім үшін кітапханаға келетіндер сирек деп естиміз. Жұмыс барысында балалардың назары үшін қандай креативтерді қолданып жүрсіздер?

- Бұл мәселелердің бары анық. Жоғарыда айтқанымдай, бүгінгі балалардың талғамы, дүниетанымы мүлдем бөлек. Менің пайымдауымша, балалар кітап оқымайды дегеннен гөрі бүгінгі балаларға оқитын кітаптар сирек жазылды деген дұрыс. Талғам өзгерген. Баяғы жазушылардың классикалық туындыларымен бірен-сараны болмаса, бүгінгі балаларды тарта алмайсың. Гаджет пен әлеуметтік желілер, интернеттік өмір күнделікті тірлігімізге араласқалы өміріміздің сәл жеңілдегенін, санамыздың өзгеріске түскенін мойындауымыз керек. Офлайн араластығымыз азайып, онлайн араластығымыз, онлайн жиын, онлайн оқу, онлайн сауда-саттық артты. Көркем туындыларды планшеттен онлайн оқитын, тыңдайтын оқырмандардың саны көбейді. Бірақ, солай екен деп тасқа басылған кітаптан бас тартып жатқан оқырманды кездестірген жоқпыз. Академиялық кітапхананың оқырмандар залынан үнемі кітап оқып отырған, ізденіс үстінде жүрген жастарды көремін. Марқайып қаласың.

Қоғам соңғы 25 жыл бойы әншілер мен шоумендерді насихаттады. Үлкен экрандардан тек солар көрсетілді де, қатты танымалдыққа ие болды. Шоумен мен ән-биден ес жия алмаған қарапайым халық соларды әулие көріп кетті. Әлеуметтік желіде кім көп насихатқа ие, онлайн қоғамда соның жолы болғыш. Міне, осындай кемшіліктерден руханият саласы, кітап оқу насихаты кенжелеп қалды. Зиялы қауым, айтары бар азаматтарды көбірек насихаттағанда соларды үлгі еткенде бүгінгідей рухани аштыққа ұрынбас едік. Мүхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі бар. Балалар әдебиетін қолдау жылын жариялап, балаларға арналған заманауи көркем шығармалардың жазылуына себепкер болуымыз, оны жаппай насихаттауымыз – ертеңге деген сенім мен үмітіміз. Бұл бір жылдың шаруасы емес, бір жылда нәтижесін көретін дүние де емес.

- «Балапан» арнасы алғаш ашылғанда қуанбаған ата-ана жоқ шығар. Расымен де, талай қаракөздің тілі ана тілінде шығып, үлкендердің «жаргон» мен калькаға толы тұрмыстық лексиконын баласы түзейтіндей деңгейге жетіп қалған едік. YouTubе қолжетімді болғалы ол да позициясын бере бастады. «Үйде қазақша сөйлейміз, баратын балабақшасы да қазақша, бірақ баламыздың тілі орысша» деп шағымданатын ата-ана көбейді бүгінде. Қазір ұрпақ тәрбиесіне, ұлт руханиятына жауапты ұйым-мекемелердің бәрі күшін осы жаққа, интернеттегі сапалы контентке салу керек сияқты. Өз жұмысыңыздың мүмкіндігі аясында бұған қандай үлес қосуды жоспарлап отырсыз? Балалар әдебиетінің қазіргі жазарман қауымға қызық емес екенін, жүйелі ынталандыру жоқ екенін балабақшадағы ертеңгілік шараларға қатысып-ақ көруге болады. Мағынасы келіссе, ұйқасы, ұйқасы келіссе мағынасы ақсайтын тақпақтар, қазақ танымына жан ертегілер естіп қайтасыз. Бәрін педагогтарға артып қойып қол қусырып отыруға болмайтын сияқты. Алға межелеген жобаларыңызды осы тұрғыдан тарқатып айтсаңыз.

- «Балапан» арнасы арқылы қазақтың көне сөздерін баласынан естіп, тіл үйренген ата-аналар көп. Танымдық бағдарламаның және экранның құдыреті осы. Балалар мен жасөспірімдердің әдебиетін насихаттайтын бізге де экран керек секілді. Ол жағын ойластырып жатырмыз. Ұлттық академиялық кітапхананың YouTubе каналы жұмыс істеп тұр. Қазір балалар жазушыларымен сұхбат жаза бастадық. Жазылған кітаптарды насихаттаймыз. Оқырман қандай жазушылар бар екенін, олардың туындылары туралы біле бермейді. Барлық әлеуметтік желіде парақшамыз бар. Балалар баспасының редакторларымен, баспагерлермен сөйлесіп, балаларға арнап жақсы туындылар ұсынайық деген мақсатта келісімдер жүріп жатыр. Көбі қолдады, бірлесіп жұмыс істеуге әзір. Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – балалар ақын-жазушылары мен баспагерлер, суретші иллюстраторлардың арасына дәнекер болып, басын қосып, балаларға арналған, ұлттық құндылық негізге алынған әлемдік деңгейдегі классикалық туындылардың жазылуына себепкер болу. Қаржы мәселесі табылса, бұл арманға жетеміз деп ойлаймын.

- Санамақ, жұмбақ, жаңылтпаш, ертегі деген дүниенің бәрі заманына сай түрленіп отыру керек сияқты көрінеді кейде. Балалардың тілін білетін, балаша жазуға икемі бар талантты қаламгерлердің пулын жасақтап, осы жұмысты жолға қою үшін қанша уақыт, қандай қолдау, қанша қаражат керек? Оны сіздердің кітапханаларыңыздың базасында ұйымдастыру мүмкін бе?

- Сіз айтып отырған жанрлардың бәрін қамтып, заманға сай, қазіргі балалардың талғамына лайық жақсы туындылар жасау бір күннің, бір жылдың шаруасы емес. Бізде баланың тілін білетін, оқырманды тарта алатын қаламгерлер өте көп. Көбі жастар. Аталмыш жұмысты бір қалыпқа түсіру үшін кемінде үш жыл, қомақты қаржы және мемлекеттің үлкен қолдауы керек.

Ұлттық академиялық кітапхананың базасы мен әлеуеті өте үлкен. Республикалық үлкен шаралардың көбі осы мекемеде өтеді. Елордадағы руханияттың бір ордасы іспеттес. Балаларға арналған бастаманың да осы мекемеде болғаны жан-жағынан тиімді деп ойлаймын.

- Баласына қазақша кітап оқытқысы келетін ата-аналарға қандай жаңа авторларды ұсынасыз? Олардың кітабын қайдан табуға болады?

- Фэнтези деген жанр бар. Америка мен Еуропа елдерінде қатты дамыған. Біз фантастикалық шығарма деп айтамыз. Шамамен осыдан 15-20 жылдың алдында болса керек, қытайлық ғалымдар зерттеу жасапты. «Неге америкалықтар ақылды, ғылымы мен технологиясы озық?» деген сауалға жауап іздесе керек. Сөйтсе, америкалық балалар кіштайынан фэнтези жанрындағы кітаптарды құнығып оқиды екен. «Қоғамның дамысы мен жаңашылдықтың бастауы да осы шығармаларды оқудан» деген тұжырым жасалыпты. Сосын бұл стильдегі шығармалар Қытайда дами бастаған. Бұл бағыттағы шығармалар қазақ ертегілері мен аңыздарында кездеседі. Яғни, ертеден бізге жат дүние емес. Өкінішке орай біз аталмыш құндылықтардан қол үзіп қалдық. Арманшыл, қиялшыл балаларымыздың қылығына шектеу қойдық. «Қияли» деп мұқаттық. Соңғы жылдары ғана фэнтези жанры дами бастады. Осы бағытта оқырмандарын тапқан кітаптар да баршылық. Қазіргі балалар оқуы керек-ау деген кітаптардың тізімін жасап жатырмыз. Кешікпей ата-аналарға, жас достарға ұсынатын боламыз.


Соңғы жаңалықтар