Балаға дәруменді дәрігер тағайындауы керек – маман

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Балаға дәруменді дәрігер тағайындауы керек. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалардың, тіпті, ересектердің ағзасы әртүрлі дәруменге әртүрлі жауап қайтаруы мүмкін. Сондықтан, дәл осы дәрумен коронавирустың алдын алады, алып ішу керек деп айта алмаймыз, себебі дәруменнің өзі әр адамға жеке тағайындалуы тиіс. Егер балада қанның аздығы немесе соған бейімділік болса, дәрумен жеткіліксіздігінің белгілері байқалса міндетті түрде жергілікті дәрігерге барып, тиісті зертханалық тексерістен өтіп, расталған жағдайда дәрумен ішу тағайындалады», - деді Айнұр Уәлиева.

Сонымен қатар, ол маусымдық аурулармен ауруханаға түсетін балалардың саны айтарлықтай азайғанын атап өтті.

«Балалар арасында коронавирустан өлім-жітім тіркелген жоқ. Жылдағыдай маусымдық, инфекциялық аурулар, энтеровирустық аурулар, жіті респираторлық инфекциялар кездесіп тұрады. Алайда, коронавирусқа байланысты біз бір жылдан бері эпидемиологиялық шектеу жағдайларында өмір сүріп жатқандықтан қызылша, қызамық, желшешек, көкжөтел сияқты балалар инфекциялық ауруларының күрт төмендегенін байқадық», - дейді спикер.

Сөз соңында дәрігер таза ауада серуендеуге, арақашықтықты сақтауға шақырды.


Соңғы жаңалықтар