Бала көтере алмай жүрген отбасында қазір алдымен ер адамды тексереміз – репродуктолог-дәрігер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде алғаш рет 1996 жылы ЭКО арқылы жасалған сәби өмірге келсе, қазіргі уақытта осы әдіспен жарық дүние есігін ашқандар саны 17 мыңнан асады. ЭКО (бұдан әрі – денеден тыс ұрықтандыру) көмегіне жүгінетіндердің 95%-ға жуығы – перзентті болғысы келетін ерлі-зайыптылар болса, 3-5%-ы өзі үшін бала тауып алуды қалайтын жалғызбасты әйелдер. Қазақстанда бұл қызмет түріне жүгінудің құны қандай? Жалғызбасты әйелдерге донор болатын адамның бір порция аталық ұрығы қаншаға бағаланады? Елімізде әрбір алтыншы отбасы бедеулікпен күресуде. Мұның себебі неде? Денеден тыс ұрықтандыруға қатысты осы және басқа да сұрақтарға «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, «Ecomed» емханалар желісінің репродуктолог-дәрігері Алмаз Ибрагимов жауап берді.

ЭКО АРҚЫЛЫ БАЛА СҮЙГІСІ КЕЛЕТІНДЕРДІҢ 3-5 ПАЙЫЗЫ - ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ӘЙЕЛДЕР

- Денеден тыс ұрықтандыру деген не?

- Денеден тыс ұрықтандыру дегеніміз – ұрықтандыру процесінің кейбір бөліктерін ағзадан тыс лабораториялық жағдайда өткізу, яғни аналық ұрық пен аталық ұрықтың кездесуін, қосылуын, бастапқы кездегі дамуын лабораториялық жағдайда қамтамасыз етіп, ары қарай әйелдің жатырына салу әдісі.

- Көбінесе адамдар қандай жағдайда сіздердің көмектеріңізге жүгінеді?

- Келетіндердің 95%-ға жуығы – перзентті болғысы келетін ерлі-зайыптылар. Өзі үшін бала тауып алғысы келетін жалғызбасты әйелдер 3-5% құрайды. Одан кейін суррогат ана көмегіне жүгінетіндер бар. Мұндай қызмет түрі тек отбасылы адамдарға ғана жасалады. Мысалы, келіншегінің жатыры жоқ болса немесе денсаулық жағдайына байланысты өзінің бала көтеру мүмкіндігі болмағанымен, аналық ұрығы бар болса – оны алып, жолдасының ұрығымен қосып, суррогат ананың жатырына саламыз.

АҚШ-ТА ЭКО АРҚЫЛЫ БАЛАЛЫ БОЛУ ҚҰНЫ ҚАЗАҚСТАННАН 5-10 ЕСЕ ҚЫМБАТ

- Денеден тыс ұрықтандыру Қазақстанда қашан қолға алынды?

- 1995 жылы Ecomed-тің филиалы Алматы қаласында болған. Оның негізін қалаушы – биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-дәрігер Салтанат Байқошқарова. 1996 жылы аталған емханада елімізде тұңғыш рет денеден тыс ұрықтандыру әдісімен көтерген әйелдің сәбиі дүниеге келді. Одан бері осы әдіспен дүниеге келген балалар саны 17 мыңнан асады. Қазіргі уақытта бұл орталықтың еліміздегі Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтау, Атырау, Қызылорда, Өскемен сияқты 9 қаласында және Ташкент пен Бішкекте филиалы бар. Бастапқы кезде жасалған денеден тыс ұрықтандыру бағдарламасымен қазіргі бағдарламаны салыстыруға келмейді. Медициналық технология әлдеқайда дамып кеткен. Бүгінгі таңда осы орталықтың өзінде ғана күніне 1-2 сәби дүниеге келеді. Жылына 1500-2000 циклға дейін жасалады. Оның ішінде 40%-ы сәби көтерсе, шамамен 20%-ы түсіп қалады. Қалғаны сәбилерін дүниеге алып келеді.

- Шетелдіктер осы әдіспен сәбилі болу үшін біздің елге қаншалықты көп келеді?

- Қазіргі уақытта еліміздегі осындай орталықтар дүние жүзіндегі ең алдыңғы қатарлы мемлекеттердегі орталықтармен бір деңгейде. Бұлай болу себебі – Қазақстанда заңдық құжат жағынан қолдау бар. Медициналық туризм жақсы дамымаған соң осы әдіске жүгінетін шетелдіктер саны 10-15%-ға артты. Бастапқы кезде бұл көрсеткіш 3-5% қана болатын. Олар үшін сапасы да, бағасы да тиімді. Шекаралас мемлекеттер ғана емес, Германия, Англия, Америкадан келетіндер бар, себебі ол жақта бұл бағдарламаның құны өте жоғары. АҚШ-та бұл қызмет түріне жүгіну Қазақстанмен салыстырғанда 5-10 есе қымбат.

ЕЛІМІЗДЕГІ ӘРБІР АЛТЫНШЫ ОТБАСЫ БЕДЕУЛІКПЕН КҮРЕСУДЕ

- Бірінші рет сәтсіз болған кезде екінші рет, үшінші рет талпыныс жасайтындар көп пе?

- Мұндай отбасыларға психологиялық көмек көрсетіп, ары қарай да күресудің мәні бар екенін дәлелдеудің маңызы зор. Бірінші жолы бала түсіп қалған жағдайда келесі қадам қалай болуы керек екенін айтамыз. Денеден тыс ұрықтандыру әдістің нәтижелігі 40%-дан астам. Бүл дүниежүзілік орташа көрсеткіштен де жоғары. Біздің мемлекетімізде донорлық, аналық ұрық, аталық ұрықты пайдалану және сурагаттық ананы пайдалану, генетикалық диагностика жасауға заңдық тұрғыда мүмкіндік берілген. Бізде бүкіл медициналық технологияларды қолдануға, эмбриондардың өсуіне, генетикалық диагностика жасап, сұрыптап алып салуға мүмкіндік бар болғандықтан нәтижесі жоғары болып отыр. Мысалы, кейбір мемлекетте «үш аналық ұрықтан көп ұрықтандыруға, эмбриондарды қатыруға болмайды» деген сияқты тыйымдар бар. Осы әдіспен 2-3 талпыныс жасаған кезде 80-90%-ға дейін отбасылар балалы болса, қалған 10-15%-ы балалы бола алмаулары мүмкін.

- Бала көтере алмау жағдайы жыл өткен сайын көбейіп бара жатыр. Мұның себебі неде?

- Қазіргі кезде еліміздегі әрбір алтыншы отбасы бедеулікпен күресуде. Бұл 15%-дан жоғары көрсеткіш. Бұған экология, салауатты өмір салтын ұстанбау, дұрыс тамақтанбау, гаджеттерді жиі пайдалану сияқты жағдайлар себеп болуы мүмкін. Бұл жағы толық зерттелмеген. Бұрын мұндай жағдайда көбінесе алдымен әйелді тексерсек, қазіргі уақытта алдымен ер адамды тексеріп аламыз. Өйткені ер азаматтардың шәуетінің сапасы нашарлап кеткен. Кейде әйелді дәрі-дәрмекпен емдеп, талдау жұмыстарын жасап, тіпті ота жасаған соң бала көтере алмауының негізгі себебі күйеуінің денсаулығына байланысты екенін біліп жатамыз. Ондай жағдай болмас үшін ер адамның шәуетін алып, қаншалықты ұрықтандыруға қабілеті бар екенін анықтап алу әлдеқайда арзан және тез, тиімді.

ЭКО ЖАСАУ 4 КЕЗЕҢНЕН ТҰРАДЫ

- Бұл әдісті квота арқылы қолдану мен ақылы түрде қолдану кезінде қалтадан шығатын шығынның айырмашылығы көп пе?

- Былтырға дейін квота медицинадық көмектің тегін көлемі шеңберінде жүзеге асырылған. Мемлекет жылына еліміз бойынша 900 квота бөліп отырды. Биылдан бастап денеден тыс ұрықтандыру бағдарламасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылады. Ресейде биылдан бастап медициналық сақтандыру бойынша жылына екі рет денеден тыс ұрықтандыруды тегін жүзеге асыруға мүмкіндік берілді. Олардың бұл бағдарламаға көшкеніне он шақты жыл болды. Қазақстанның да болашақта сондай деңгейге келуі мүмкін. Әзірге бұл бойынша сұрақтар көп, бірақ медициналық сақтандыру бойынша келгендермен жұмыс істеп жатырмыз. Денеден тыс ұрықтандыру бағдарламасы төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде отбасы осы әдіспен балалы болуға дайындалып, қажетті талдауларды жинайды. Көбі тіркелген емханасы арқылы талдауларға жолдама алып, тегін өте алады. Отбасылардың көбі кезекке тұрғысы, уақыт өлтіріп алғысы келмегендіктен ақылы түрде бір күнде өтуге тырысады. Екінші кезеңде етеккір кезеңін күтіп, аналық ұрықты өсіру, жетілдіру үшін ынталандырады. Бұл кезеңде әйел 10-12 күн дәрі-дәрмек қабылдайды. Үшінші кезеңде аналық ұрықты алып, лаборатория жағдайында аталық ұрықпен қосып, ұрықтандырып, өсіреміз. Төртінші кезеңде эмбрион әйелдің жатырына салынады. Жүктілік бар-жоғын анықтауға тағы да екі аптадай уақыт кетеді және осы уақытта әйел жүктілікті сақтап қалатын дәрі-дәрмектерді ішеді. Бірінші кезеңнен басқасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жасалады. 2010 жылдан бері осы әдіс түріне бөлінетін қаржы мөлшері өзгерген емес. Мысалы, былтыр квота арқылы жұмыс істеген кезде бір бағдарламаға мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат орташа есеппен 780 мың теңге болды. Негізі бұл барлық процеске жетпейді, бірақ біз нәтижелілікті көрсету үшін керек кезде өз мекемеміздің қаражатын жұмсауымыз мүмкін. Ал квотасыз, өз қалтасынан шыққан қаражат есебінен бала көтеруге келген отбасылармен өзара ақылдасатын жағдайдар болады. Мысалы, эмбриондарды қатырып қою өте тиімді. Бұл мемлекеттің қаражатын үнемдеу үшін де қажет. Мысалы, бөлінген қаражат бойынша жасалған денеден тыс ұрықтандыру кезінде 15 ұрық алдыңыз делік. Оның ішінен 5 сапалы эмбрион алып, оның екеуін әйелдің жатырына саламыз. Қалған 3 эмбрионды қатырып қоюға болады. Бірінші жағдайдағы талпыныс сәтсіз болса, қатырып қойған эмбриондарды ерітіп, салуға болады. Оның құны шамамен 150 мың теңге. Тіпті бірінші жүктілік сәтті болып, кейін тағы да сәби сүйгіңіз келсе сол эмбрионды қайта қолдана аласыз. Ал ұрықты қатырып қоймасаңыз, келесі талпыныс кезінде барлық процесті басынан бастап өтіп, тағы да 780 мың теңге шығындалуға тура келеді. Бұл мемлекет үшін де тиімді емес. Осы тұрғыда медициналық технологиялар мүмкіндігін қайта қарау керек деп ойлаймын. Квотамен денеден тыс ұрықтандыру жасаған отбасыға ұрықты қатырып қою туралы ұсыныс айтамыз. Негізі бірінші жолы сәтсіз болса, екінші жолы ағзаны, ұрықты қатырып, демалдырып барып салу көп жағдайда сәтті аяқталады.

- Өзі үшін бала тауып алғысы келетіндер «Ертең балам өскенде әкесінің қайда екенін сұраса қайтем? Бала толық отбасында тууға лайықты» деп ойламай ма?

- Жалғызбасты әйелдер келген кезде бізді де толғандырады. Оларға баланың әкесі де, анасы да болғаны жөн екенін айтамыз. Көбінесе 40 жастан асқан әйелдер келеді. Олар балалы бола алатын жастан өтіп бара жатқан соң келеді. 30 жасқа дейінгі жас келіншек те келген жағдай болған. Ол бұрын тұрмыста болған және бала көтере алмағаны себепті ажырасып кеткен. Ол ешкімнің пікіріне қарамай денеден тыс ұрықтандыру арқылы бала көтеруге шешім қабылдаған, бірақ мен оған «Сіз әлі жассыз. Емделесіз. Тағы да тұрмысқа шығып, бала көтересіз» деп үйіне қайтардым.

БІР ПОРЦИЯ АТАЛЫҚ ҰРЫҚ 30 МЫҢ ТЕҢГЕ ТҰРАДЫ

- Жалғыз басты аналарға ұрығын беретін адамдар, яғни донорлар елімізде көп пе? Олардың мотивациясы қандай? Қазақстанның бір түкпірінде өзінің баласы бар екенін біле тұра көріспей жүре беру қиын емес пе?

- Елімізде аналық ұрық донорын, аталық ұрық донорын пайдалануға рұқсат етілген және бұл қажет дүние деп санаймын. Егер елімізде рұқсат етілмесе шешім қабылдап қойған әйел шетелге барып жасатуы мүмкін. Ол кезде әкесі азиялық болғанын қалайтынын айтады, ал азиялық көп жағдайда қытай, кәріс, жапон болуы мүмкін. Аталық ұрық беретін донорларға көп қаржы берілмейді. Бір порция аталық ұрық шамамен 30 мың теңге тұрады. Әр адам ары кетсе 10 порция ұрық беруге құқылы. Ол 300 мың теңгеге бағаланса, ақшаның жарты бөлігін ұрықты өткізгеннен кейін, қалған бөлігін алты айдан кейін карантиннен өткеннен соң алады. Аталық ұрық міндетті түрде 6 ай карантиннен өтеді, одан кейін қайтадан зерттеп, толық таза болған жағдайда қолдануға мүмкіндік беріледі. Дүниежүзілік тәжірибе бойынша, бір донордың ұрығын 20 реттен артық қолдануға болмайды. 20 рет қолданған кезде шамамен 5-6 бала дүниеге келеді. Ал біздің елде халық саны аз болғандықтан, донор ұрығын 10 рет қана қолданамыз. Мұндай жағдайда дүниеге 3 баладан артық келмейді. Сондай-ақ, инцесттің алдын алу үшін, яғни туысымен отбасы құрып қалуынан сақтап қалу үшін әйелге ұрық иесінің жүзін, руын айтамыз.

- Қоғамда мынадай пікір де бар. Яғни, Алла тағала адамға бала бермесе – демек ол адамның өмірдегі миссиясы басқа болуы мүмкін емес пе? Ол Құдайдың қалауына қарсы келуге жатпай ма?

- Егер философиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, өмірде тепе-теңдік бар. Ғылым мен дінді бір-біріне қарама-қарсы қоюға болмайды. Егер Алла қаламаса, адамның басына денеден тыс ұрықтандыру туралы идея туындамас еді. Алла тағала адамдарға емді де, осындай мүмкіндікті де дәрігерлер арқылы береді. Бұл - ерлі-зайыптылардың генетикалық тұрғыда өз балалары болуына мүмкіндік беретін әдіс.

ЕРЕКШЕ ЖАҒДАЙДА КЕЛГЕН ОТБАСЫ ҮШІН АРНАЙЫ ҚҰРЫЛҒЫ ОЙЛАП ТАУЫП, СӘБИЛІ БОЛУЫНА СЕБЕПШІ БОЛДЫҚ

- Осы тақырыпты әрі қарай өрбітсек, дін ерлі-зайыптылардың осындай жолмен сәбилі болуына қарсы емес. Дін жалғызбасты әйелдердің осы жолмен сәбилі болуына және суррогатты ананы қолдануға қарсы. Бұл туралы не ойлайсыз?

- Бір мысал келтірейін. Бір әйел босану кезінде сәбиінен де, жатырынан да айырылып қалған, бірақ ұрықтары сақталған. Ол жолдасымен бірге бізге келді. Оған суррогат анадан басқа ұсынатын нұсқамыз болған жоқ. Оған суррогат ана ретінде туған сіңлісі бала көтеріп берді. Бұл жерде неке қидыратындай ешқандай жыныстық қатынас болған жоқ. Бұл жыныстық қатынассыз, лабораториялық жағдайда жасалатын әдіс. Дінде төрт әйел алуға рұқсат, яғни төрт әйелмен кезек-кезек жату күнә емес. Моральдық тұрғыдан қарағанда қайсысы жиіркеніш тудырады?

- Жүрегіңізде ұзақ уақыт сақталып қалатын оқиғалар болып тұра ма?

- Медициналық академияны бітірген кезден бастап өмір жолын медицинаға арнаған әйел бар. 30 жыл бойы жедел гинекология саласында еңбек еткен. Қызмет бабымен жүргенде жасы өтіп кеткенін байқамай қалған. Ол бізге 50 жасында келді. Уайымдадым, себебі осы жасында баланы күтіп-бағу оңай ма? Қуанышқа орай, бәрі сәтті өтті. Ол босанғаннан кейін сәбиін алып келді. Сәбиді көрген кезде бойымдағы күмәннан толық арылдым. Одан бері бес жыл өтті. Тағы бір жағдай, бізге аналық безінде ұрығы бар, бірақ оны алуға еш мүмкіндік жоқ әйел келді. Мұндай жағдайда келген адамдардың ұрығын дүниежүзі бойынша еш маман ала алмаған. Біз сол отбасы үшін арнайы құрылғы жасап, шешімі жоқ мәселенің шешімін тауып, денеден тыс ұрықтандыру жасадық. Бұл бұрын-соңды болмаған тәжірибе болды. Оны қандай жолмен алғанымыз туралы ғылыми жұмыс жазып жатырмыз, алдағы уақытта Копенгагенде өтетін форумда осы жағдай туралы баяндама жасаймыз.

АДАМ АҒЗАСЫ - ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН КӨЛІК ЕМЕС

- Денеден тыс ұрықтандыру арқылы өмірге келген балалардың қандай да бір ерекшелігі, өзгешелігі бола ма?

- Бұл әдісті британиялық гинеколог Роберт Эдвардс және эмбриолог Патрик Стептоу ойлап тапқан. Олар 600-ге жуық талпыныстан кейін нәтижеге қол жеткізіп, 1978 жылы осы әдіс арқылы өмірге Луиза Браун есімді қыз келген. Оның жасы қазір қырықтан асты және табиғи жолмен келген балалары бар. Одан кейін осы жолмен дүниеге келген балалардың денсаулығы жан-жақты зерттеліп, оның табиғи жолмен дүниеге келген балалардан ешқандай айырмашылығы жоқ екені дәлелденгеннен кейін барып 2010 жылы Роберт Эдвардсқа Нобель сыйлығы берілді.

- Осындай жағдайға тап болған отбасыларға қандай кеңес айтасыз?

- Дүниенің сырлары көп. Көлікті жөндеу - қиын емес, себебі оны адам жасады. Адамның ағзасын зерттеу – қиын, себебі оны Алла тағала жаратты. Менің кеңесім, қандай сырқат, қандай жағдай болса да ер мен әйелі бір-бірін қолдап жүрсе, бірге болса – жақсы нәтижеге жетеді. Ең бастысы – бір-бірін айыптап, кінәлауға болмайды. Мен қанша жылдық жұмыс тәжірибемде осыған көзім жетті.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар