Бақытжан Сағынтаев көпбалалы аналарға баспана кілтін табыс етті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оңтүстік астанада 40 көпбалалы отбасы жаңа пәтерге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көпбалалы отбасыларға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алатау ауданының Саялы мөлтек ауданынан жаңа тұрғын үй берілді.

Үш бөлмелі пәтер кілттерін көпбалалы отбасылардың аналарына салтанатты түрде қала басшысы Бақытжан Сағынтаев табыстады.

«Бұл - бәріміз үшін де үлкен әрі қуанышты оқиға. Отбасыларыңызға амандық, денсаулық пен бақыт тілеймін», - деп құттықтады қала әкімі.

Жалпы Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметі бойынша, бүгінгі күні Алматыда 24 900 азамат баспана кезегінде тұр. Оның - 1884-і көпбалалы отбасы.

«Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырылғалы - соңғы үш жылда мұқтаж жандарға 9 мыңнан астам пәтер берілген. Олардың 700-ге жуығы көп балалы отбасыларға үлестірілген.

Сонымен қатар, көп балалы отбасылар үшін «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы бойынша 284 пәтер сатылып алынған.

«Бақытты отбасы» республикалық бағдарламасына сәйкес, банктен оң шешім алған жергілікті атқарушы орган тізіміндегі кезекте 201 отбасы тұр.

«Елбасымызға көпбалалы аналарды қолдағаны үшін көп рахмет. Бұл күнді 10 жыл күттік. Отбасымызбен қатты қуанып отырмыз. Бұған дейін туыстарымыздың пәтерінде бірге тұрған едік», - дейді Анар Ошақбаева атты сегіз баланың анасы.

Соңғы жаңалықтар