Бақытжан Сағынтаев Қоғамдық кеңеспен эпидемиологиялық ахуалды талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Қоғамдық кеңес мүшелерімен қаладағы эпидемиологиялық жағдайды талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейнеконференция режимінде өткен кездесуде коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл және эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру шаралары бойынша мәселелер пысықталды. Сонымен қатар, карантин кезінде санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қала тіршілігі мен экономикасын кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспары Exit Strategy-ді іске асыру мәселелері талқылады.

«Алматыда эпидемияға қарсы іс-қимыл жұмыстары 6 қаңтарда үш кезең бойынша басталды. Инфекцияның сырттан келуін болдырмау мақсатында қалаға кіретін барлық халықаралық жолдарда санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту; эпидемияға қарсы ауқымды іс-шаралар; инфекцияның жасырын резервуарларын анықтау және жаппай тестілеу жүргізу арқылы эпидемиологиялық жағдайды толық бақылауды қамтамасыз ету сияқты шаралар қабылданды»,– деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Тегін тестілеуге жататын қауіп тобына: медициналық ұйымдардың, құқық қорғау органдарының, коммуналдық мекеме қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, тыныс алу жолдарында созылмалы аурулары бар адамдар және респираторлық белгілері бар науқастар жатады.

Бүгінде 122 мыңнан астам тест жүргізілді. Соның ішінде 102 мың адам ПТР әдісімен тексерілді. Тест 1872 адамда оң нәтиже көрсетті. Соның ішінде 92% профилактикалық скринингтер кезінде; 1% – сырттан әкелінген жағдайлар; 7% – жергілікті жағдайлар.

«100 мың тұрғынға шаққанда ПТР әдісімен тексеру көрсеткіші 4903 зерттеуді құрайды. Бұл, дамыған еуропалық елдердің деңгейіне сәйкес келеді. Зертханалық қызметтердің барлық әлеуеті іске қосылды. Зертханалар саны 2-ден 7-ге дейін өсті, мобильді қоршау пункті ашылды, 8 жылжымалы қабылдау пунктін ашу жоспарлануда. Жалпы КВИ-ге тестілеу көлемін күніне 4500-5000 дейін жеткізу жоспарланып отыр»,– деп қосты баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев медицина қызметкерлері мен қала тұрғындарын әлеуметтік жағынан қолдау шаралары туралы айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, медицина қызметкерлерін қолдаудың кешенді жүйесі құрылды. Медициналық мекемелер жеке қорғану құралдарының жеткілікті көлемімен және дезинфекция құралдарымен қамтамасыз етілген.

Денсаулық ұйымдарында жұқтырудың алдын алу шаралары қабылданды. Ол үшін таза және лас аймақтарды шектеу үшін арнайы шлюздер салынды. Медицина мамандарына уақытша баспана беріліп, ыстық тамақ пен көлік ұйымдастырылды.

Наурыз айында 3769 медицина қызметкеріне 1134,8 млн теңге, сәуір айында 4391 маманға 1567,5 млн теңге үстемеақы төленді. «Nur Otan» партиясының қорынан 970 медицина қызметкері 48,5 млн теңге алды.

Жиын барысында экономиканы және кәсіпорындардың қызметін қалпына келтіру, жұмыс орындарын құру, ШОБ-ты қолдау, әлеуметтік мәселелерді шешу мен білім беру нысандарын салу, сондай-ақ қала экологиясын сауықтыру мәселелері көтерілді.

Онлайн-режимде өткен кездесу 2,5 сағатқа созылды. Қоғамдық кеңес мүшелері өз ескертулері мен ұсыныстарын айтып, жалпықалалық мәселелерді шешуде белсенді атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар