Бақытжан Сағынтаев дәрі-дәрмекке қолжетімділікті арттыру шаралары туралы айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Онлайн брифинг барысында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Сағынтаев қазіргі уақытта сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің қолжетімді бағада болуы қаладағы коронавирустың жағдайын тұрақтандыру үшін маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар, ол парацетамол, ибупрофен және құрамында парацетамол бар препараттарға сұраныстың жоғарылауына байланысты мегаполис дәріханаларында тапшылық пайда болғанын айтты.

«Біз дәрілік заттарды өндірушілермен, ірі жеткізушілермен және дистрибьюторлармен Алматы қаласының дәріханаларына дәрі-дәрмектерді үздіксіз жеткізу туралы келісімге қол жеткіздік. Ол үшін фармацевтикалық компаниялармен келісімге қол қойылып, 105 дәріхананың тізімі анықталды (6 шілде күні 2 дәріхана қосылды), оларға басым тәртіппен дәрі - дәрмектер жеткізілетін болады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, келісімде дәріханалардың бағаны көтермеуі және бір атаудағы дәрі-дәрмекті бір қолға 3 данадан артық бермеу міндеттілген.

«5 шілдедегі жағдай бойынша қаланың дәріханаларына 115 мың парацетамол, 30 мың термометр, 20 мың ибупрофен, 35 мың ингавирин және басқа дәрі-дәрмектер жөнелтілді. 6 шілде күні таңертеңнен бастап қосымша 150 мың парацетамол мен 50 мың термометрді тиеу жұмыстары жүргізілуде. 8 және 12 шілдеде қосымша 80 мың және 850 мың парацетамол жеткізіледі», - деді әкім.


Соңғы жаңалықтар