Бақытжан Сағынтаев Алматының жеңімпаз оқушыларын құттықтады
«Бүгін халықаралық және республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпазы атанған алматылық оқушыларды құттықтадым. Олардың жеңісі - балалардың ерен еңбегінің нәтижесі, олардың бойындағы ерекше дарынды ашқан және оны дұрыс бағытқа бұра білген ата-аналар мен педагогтардың еңбегі»,- деп жазды Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында.
Оның айтуынша, биылғы жылы 352 оқушы 28 зияткерлік және шығармашылық сайыстың жеңімпазы атанды. Олардың қоржынында 90 алтын, 124 күміс, 138 қола медаль бар.
«Біздің балаларымыз 11-сынып оқушылары арасындағы президенттік олимпиадада, ғылыми жобалар бойынша өткен республикалық байқауларда және жалпы пәндік олимпиадада командалық бірінші орынды иеленіп жүр»,-деп жазды әкім.
Бақытжан Сағынтаев оқушылардың «Алматы дарыны» ерекше төсбелгісін белгілеу жөніндегі ұсынысына қолдау білдірді. Төсбелгінің дизайнын балалардың өздері жасайды. Төсбелгі оқу жылы аяқталғанда оқушыларға тапсырылады.