Бақытжан Сағынтаев алматылықтарға қалың қарға байланысты сақ болуды ескертті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қардың мол жаууына орай қала тұрғындарына үндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті алматылықтар! Қардың қалың жаууы өте сақ болуды талап етеді. Қар жамылғысының биіктігі қаланың жоғарғы бөлігінде - 15 см, таулы аймақта 25 см-ден асты. Ауыр қар ағаштарды құлатты. Ағаштардың құлаған кейбір бұтақтары көліктерге тиген.

Таңертең қаланы аралап шықтым. Көшелерді, аялдамаларды қардан тазалау бойынша және тайғаққа қарсы барлық қажетті шаралар қолға алынуда. Жол бойында 600 техника мен 1700 жұмысшы қызмет етуде», - деп жазды қала әкімі Instagram-парақшасында.

Алматы басшысы Полиция департаментіне жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді, Төтенше жағдайлар департаменті мен коммуналдық қызметтерге апаттық жағдайлардың салдарын дереу жойып отыруды тапсырды.

«Көшелерді қардан тазалау бойынша қандай жерлерде қиын жағдай туындап отырғанын хабарлауды сұраймын. Құрметті алматылықтар! Үлкен және Кіші Алматы өзендері бассейндерінің тау бөктерлерінде қар көшкіні жүру қаупі бар. Сондықтан тауда өте сақ болуларыңызды, тіпті тауға баруды кейінге шегеруді сұраймын», - деп жазды Бақытжан Сағынтаев.

Еске сала кетсек, 16 ақпан күні түнгі сағат үштен бастап Алматыда қар жауып, соңы қарға ұласты. Молынан жауған қардан ағаштар құлап, көліктерді зақымдады.


Соңғы жаңалықтар