Бақытжан Сағынтаев: Әл-Фарабидің рухани мұрасы – сарқылмайтын қайнар бұлақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының Алматыда басталуының өзіндік себептері бар. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, төрткүл дүниеге танымал ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойының орны ерекше. Ұлы ойшылдың арнайы заңмен бекітілген мерекелік шараларының Алматы қаласында басталуының да өзіндік сыры бар.

Еліміздегі ең басты оқу ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Фараби мұраларын жүйелі зерттейтін іргелі ғылыми орталық – Ұлттық Академия да Алматы қаласында орналасқан.

«Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресми ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Қандай да бір халықтың өткенін таразылап, болашағына бағдар жасап отыруы – табиғи заңдылық. Ертеңін ойлаған ел әр тарихи белесті артқа тастағаннан кейін уақыт бедеріне салған өз таңбасын, қалдырған құндылықтарын ұдайы бағалап отыруы тиіс. Қазіргі әлемдік қауымдастықпен тығыз араласу барысында біз ұлтымыздың ең басты құндылықтары мен тарихи тұлғаларын жаңа қырынан танып, оларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау аса маңызды болып отыр. Бұл үдеріс тек рухани кемелдену арқылы, әл-Фараби, Ясауи, Абай сынды заманынан озып туған данышпандардың еңбектерін жаңаша бағалап, солар айқындап берген даңғыл жолмен жүру арқылы ғана жүзеге асады»,– дейді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, ол бүгінгі шараның басты себепкері – ортағасырлық ғұлама ойшыл, энциклопедист-ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани мұрасы әлемдік ғылым мен өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан білімнің сарқылмайтын қайнар бұлағы екенін атап өтті.

«Елдігіміз бен интеллектуалдық әлеуетімізді әлем жұртшылығына паш ететін ғұламаның дәл қазақ топырағынан шыққаны - біздер үшін зор мақтаныш. Оның философиялық, логикалық, метафизикалық, әлеуметтік, жаратылыстану ғылым салалары бойынша әлемдік ғылымға қосқан үлесінің теңдесі жоқ»,– дейді Сағынтаев.


Сонымен қатар, қала басшысы Алматыда жыл бойы әл-Фарабиге арналған түрлі іс-шаралар өтетінін тілге тиек етті.

Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресим ашылу салтанаты Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар