Бақытгүл Хаменоваға қатысты қылмыстық іс сотқа жетті

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты қылмыстық іс сотқа жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотында қаралады.

«Биылғы жылдың 26 мамырында Атырау қаласының №2 сотына ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ҚР Қылмыстық кодесінің 367-бабының 2-бөлігімен «Б» ЖШС-нің директорына қатысты қылмыстық іс түсті», -деп мәлім етті облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Бұдан бұрын Атырау облысы әкімінің орынбасары қамауға алынған еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өзінің Telegram парақшасында мәлім еткендей, Атырау облысы әкімінің орынбасары мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы пара алу күдігіне ілінген. Күдіктілер Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алған.

Осыған байланысты Атырау облысының арнайы тергеу соты уақытша ұстау изоляторында отырған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа алу туралы санкция берді. Кейін ол тергеу изоляторына қамалды.

Атырау облысы әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігімен (көп мөлшерде пара алу) тергелді.

Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін 2020 жылғы 13 наурызда тағайындалған болатын.


Соңғы жаңалықтар