«Бақыт менеджерлері» немен айналысады? - Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
«ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.

20-21 қаңтар күні Ай тұтылады - Vox

null 2019 жылдағы Айдың тұтылу уақыты 20-21 қаңтар күндеріне келіп тұр. Vox басылымы Айдың қызыл түске боялғанын қай уақытта көруге болатынын жазып, Айдың тұтылуы туралы ғылыми тұжырымдарға негізделген көлемді мақала жариялады. Мақала авторының айтуынша, бұдан кейін Айдың тұтылуы тек 2021 жылы мамыр айында болады.

«21 қаңтар күні Ай Жердің көлеңкесіне енеді. Ал Солтүстік және Оңтүстік Америка, Солтүстік Европа мен Африканың солтүстік-батысы бір сағат екі минутқа созылатын Айдық толық тұтылуына куә бола алады», деп жазады басылым.

Автордың жазуынша, Ай Жерге ең жақын нүктеге келетіндіктен, аспанда ол бұрынғыдан үлкен көлемде көрінетін болады. «Айдың тұтылуы Жердің көлеңкесінен өткенн кезде болады. Кейбір ғалымдар Ай Жерге соғылған объекттен пайда болғандықтан Ай тұтылады дейді. Бірақ бұл ғылыми тұрғыда дәлелденбеген», деп жазады автор.

Негізінен Айдың тұтылуы бір жылда екі немесе үш рет болады және оны сол уақытта Жердіңі қараңғы бөлігінде болатын халық тамашалай алады. Көріністі тамашалау үшін арнайы құрылғылар мен көзілдірік қажет емес. Дегенмен, бинокль арқылы Айдың көлеңкедегі географиясын толық тамашалауға болады.

Көлік жүргізу ерекшелігі адам туралы қандай мәлімет бере алады? - The New York Times

null The New York Times басылымында жарияланған мақалада автор адамның көлік жүргізу ерекшелігіне және жолда жүру ережелерін қалай қадағалайтынына қарап оның қандай адам екенін білуге болатынын жазыпты.

«Тегіс жолдың өзінде сағатына 15, 20, 30 километрмен жүретіндер болады. Тіпті, аса сақтықты қажет етпейтін жолдарда да көлікпен асықпай жүретіндер бар. Олардың көбі жаңа әрі таза көлік мінген қарт адамдар. Кейде көлік жүргізу ерекшелігіне қарап туристерді де сырттай анықтау оңай. Кейбір жүргізушілер жылдамдықты ұнатады. Негізінен, автокөліктер легін асықпай бақылап, жүргізушілердің портретін дасап шығу қиын емес», деп жазады автор.

Оның айтуынша, ашық жолда асықпай жүретін жүргізушілер өз мақсаттары мен әрекеттері туралы нақты ақпарат бере алмайды. Мұндай жүргізушілер ашық жолда жылдамдықты азайтып, артында көлік келе жатқанына қарамастан кілт тоқтауы мүмкін.

«Жолда жол ережесін сақтаса да, көлікті тоқтататынын немесе бұрылатынын тым ашық көрсететін адамдар барынша өзін көрсетіп, көпшіліктен ерекшеленгісі келетіндер деуге болады», дей келе автор мақалада психологиялық факторларға тоқталып, көптеген оқиғаларды мысалға келтіреді.

Тыйым салынған кітаптар жиналған кітапхана көпшілікке жол тартты - BBC

null Нацисттер «неміс емес» авторлардың кітаптарын өртей бастаған кезде бір адам ол кітаптарды сақтап, оларды болашақ ұрпаққа жеткізуді өзінің мақсатына айналдырыпты. ВВС басылымында жарияланған «Тыйым салынған кітаптар» мақалада автор бұл кітапханада 1933 жылға дейін шығарылған көптеген кітап жиналғанын айтады.

Аугсбург университетінің кітапханашысы Герхард Штумпфтың айтуынша, өртелуге жіберілген кітап авторлары еврейлер, социалистер немесе коммунистер, сонымен қатар Бірінші дүниежүзілік соғысты басынан өткерген антиәскерлер болған.

Мақалада айтылғандай, Георг П Зальцманн есімді адам 1976 жылдан бастап өзі өмірден өткен 2013 жылға дейін тыйым салынған және нацисттер өртеген 12 мың кітап жинаған. Автордың айтуынша, Георгтың әкесі 1945 жылы өз өзін атып өлтірген нацист болған.

«2009 жылы өртелген кітаптар жиынтығы Аугсбург университетіне сатылған. Жақында ол көпшілікке қолжетімді бола бастады. Онда кітапты жинаған адамның өз кітаптарының өртеліп жатқанына куә болғаны туралы естелігі де бар», деп жазады автор.

Әлеуметтік желі спортпен айналысуға ынталандырады - Science Direct

null Әлеуметтік желіде өткізілген уақыт белгілі бір әрекетке ынталандырып, шабыттандыра алады. Science Direct басылымының хабарлауынша,Батыс Онтарио университетінің ғалымдары әлеуметтік желілер қолданушыларды спортпен айналысуға ынталандыратынын анықтапты.

«Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, университеттегі студенттердің спортпен айналысу көрсеткішін арттыру үшін Facebook әлеуметтік желісін пайдалануға болады. Студенттер бұл желіде күніне төрт сағаттан артық уақыт отырады», деп жазады басылым.

Зерттеу авторларының бірі Элисон Дивайнның айтуынша, адам басқалармен байланыста болғысы келеді. Бұл - әрбіріміздің бойымызда бар қажеттілік. Ал оны қанағаттандыру үшін әлеуметтік желі көмекке келе алады. «Зерттеу нәтижесінде анықтағанымыздай, әлеуметтік желі спортпен айналысуға ынталандыра алатын керемет алаңға айнала алады», дейді зерттеу авторы. Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі лентада спортқа қатысты суреттер легі артып отыратын болса, бұл соны бақылап отырған адамның әрекетіне де әсер етеді.

«Бақыт менеджерлері» немен айналысады? - The National

null Қызметкерлер бақытты болған сайын компаниялар ақшасын үнемдейді. Тіпті, қызметкер бақытты болған сайын жұмыс өнімділігі артып, медициналық сақтандыру шығыны азая береді екен. The National басылымының жазуынша, қызметкерлерінің көңіл күйі мен жан тыныштығына мән беретін компаниялар «бақыт менеджерлерін» жұмысқа ала бастаған.

Gallup консалтинг компаниясы 22 мың қызметкердің қатысуымен зерттеу жүргізіп, бақыт пен жұмыс өнімділігінің арасында тығыз байланыс бар екенін анықтаған. Мақала авторының айтуынша, дәл сол себепті бүгінгі таңда «бақыт менеджерлері» кең таныла бастаған. «Бақыт менеджерлері қызметкерлерді бақытты етумен айналысады.

«Бақыт менеджерлері қызметкерлерге арнап фуршет, спорт және көңіл көтеретін іс-шаралар ұйымдастырады. Сонымен қатар қызметкерлерге проблемаларын шешуге көмектеседі. Мысалы, әлемге танымал Ikea компаниясында мұндай қызметкер бар. Ал Францияда 200 компания бақыт менеджерлері клубын құрған», деп жазады автор. Оның айтуынша, бұл шешімге бақытты қызметкердің өнімді жұмыс істейтіні туралы зерттеулер негіз болған. «Мысалы, Google компаниясы жұмысқа алған 107-қызметкер бақыт менеджерінің жұмысын атқарады. Бүгінгі таңда бақыт менеджерлерін дайындайтын компаниялар да пайда бола бастады. Woohoo фирмасы бүкіл әлемнен осы күнге дейін жүз мыңға жуық бақыт менеджерін дайындап шықты», дейді автор.

«Бақыт менеджерлерінің нақты жұмысын айту қиын. Дегенмен, көптеген сыншылар, әсіресе психолог Феликс Фрай осы қызмет түрінің көмегімен ұжымдық мәдениетті өзгертуге болатынына сенбейді. Фрайдың айтуынша, ешбір жұмыс беруші қызметкерлерді бақытты болуына жауапкершілікті өз мойнына алмауы керек», деп жазады басылым.

Соңғы жаңалықтар