Бақтияр Мәкен: Жастарды жұмысқа орналастыру шараларын жалғастырамыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен пандемияның экономикалық салдары ерекше әсер еткенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы Қазақстандағы халықтың 20 пайызын жастар құрайды. Көптеген жас азаматтарға пандемияның әсері ерекше тигенін жасыра алмаймыз. Бұл жыл әлемге ғана емес, Қазақстанға да оңайға тиген жоқ. Халықаралық еңбек нарығының баяндамасына сәйкес пандемия басталғалы бері әлемдегі әрбір алтыншы жас азамат өзінің жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған немесе жұмыстан шығып қалған. Жастардың көбі қызмет көрсету мен сауда, техникалық реттеу саласында еңбек етеді. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды енгізді. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында Жұмыспен қамту бағдарламасы бізге көп көмектесті. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз», - деді Бақтияр Мәкен онлайн режимде «Болашақ» қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Жастар және инновациялар» форумында.

Оның айтуынша, пандемияның салдарынан экономика зардап шеккендіктен, ал бұл өз кезегінде жастарға кері әсерін тигізетіндіктен ең алдымен олардың жұмыссыз қалмауына баса мән беру керек.

«Техникалық реттеу, сауда мен қызмет көрсету саласында жұмысын жалғастырып жатқандардың өзі биыл табысының 42 пайызынан айырылды. Сол үшін жастарға барынша қолдау көрсету керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, аталмыш онлайн жиында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов Қазақстанда жастарды қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары таныстырылатынын мәлім еткен болатын.


Соңғы жаңалықтар