БАҚ теңдей қолжетімді болды: Кемелбек Ойшыбаев мониторинг нәтижесін жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 10 желтоқсаннан 8 қаңтар аралығындағы үгіт-насихат кезеңінде мониторингімен 500-ге тарта республикалық және өңірлік БАҚ қамтылды, оның ішінде 321 газет, 47 телеарна және 131 интернет-ресурс бар. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде қоғамдық-саяси тақырыпта хабар таратып жүрген барлық БАҚ қамтылғанына тоқталған вице-министр: «Үгіт-насихат кампаниясын мониторингілеу қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауына қатысты барлық БАҚ-та 22 мыңнан астам материал жарияланды (оның ішінде 8822-сі газетте, 6930-ы телеарнада, 6855-і интернет-ресурста). Бұл өз кезегінде азаматтар мен БАҚ тарапынан сайлауға жоғары қызығушылықты тағы да дәлелдеп отыр», - деді.

Телеарналарда «Ақ жол» мен «Ауыл» партиялары біршама басым болған, яғни эфирлік уақыт бойынша 21 пайыздан тиесілі болды. Қалған партиялар тұрғысында эфирлік уақыт бірдей деңгейде бөлінген – 19-20 пайыздан.

Баспасөз БАҚ-тарда «Nur Otan» партиясы аз-маз басымырақ болғаны байқалды – 23 пайыз. Қалған партиялар бойынша материалдар ауқымының үлесі келесі деңгейде көрінді: «Adal» және «Ауыл» – 20 пайыздан, «Ақ жол» – 19%, Қазақстан халық партиясы – 18%.

Сонымен қатар, интернет-ресурстарда саяси партиялардың қызметін жариялау бірдей деңгейде қалыптасты, әр партия бойынша 20 пайыз шамасында.

«Әлеуметтік желілердегі үгіт-насихатқа тоқталсақ, науқанның басталуына арналған Орталық сайлау комиссиясының отырысында атап өткенімдей, әлеуметтік желілердегі үгіт-насихатты есепке алмадық», - деді Кемелбек Ойшыбаев.

Вице министр бұл бағытта ведомство халықаралық тәжірибені, сондай-ақ заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен өзінің азаматтық ұстанымын білдіруде әр адамның конституциялық құқын назарға алғанын атап өтті.

«Жалпы, мониторинг нәтижесі бойынша қазақстандық БАҚ саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарына теңдей қолжетімдікті қамтамасыз етті деп мәлімдей аламыз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар