Бағдат Мусин «Вакцина – «чип» салу құралы деген теорияға пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Менің цифрлар туралы білімім вакцинаның чиптеу құралы екеніне сенуге ырық бермейді».

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин БАҚ өкілдерінің сауалына осындай жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіз жақында коронавирусқа қарсы вакцина салғыздыңыз. Вакцинация және чиптеу бір-бірімен жүретін параллель тақырып екенін білесіз. Жақында вакцина алған адам ретінде, екіншіден, технологияға тікелей қатысы бар адам ретінде «чип салу» туралы аңыздың қаншалықты негізді екенін айтыңызшы».

Бағдат Мусинге орталық коммуникауциялар қызметінде БАҚ тарапынан осындай сауал қойылды.

«Мен мамандарға сенемін. Қазір бүкіл әлем цифрланған. Атом энергетикасы пайда болған кезде оның айналасында да зияндылығы туралы алып қашпа сөз көп болды. Ия, ол зиянды, бірақ адамзат күресін тоқтатқан жоқ қой. Чип мәселесі де осыған ұқсас. Цифрландыру дамып келеді. Сондықтан адамдар алаңдап отыр. Біздің Конституциямыз бен заңдарымыз бұған жол бермейді. Әлемнің ешбір елінде бұған жол берілмейді», - деді ведомство басшысы.

Бағдат Мусин вакцинаның ағзаға енгізілетін сұйықтық екенін және оны сандық құралға айналдыру әзірге фантастика деп ойлайтынын қосты.

«Менің цифрлар туралы білімім вакцинаның чиптеу құралы екеніне сенуіме негіз бермейді», - деп түйіндеді министр.

Еске салсақ Бағдат Мусин Saqbol қосымшасының жұмыс принципін түсінген болатын.

Министрдің мәліметіне сенсек, биыл елімізде 750 базалық интернет стансасы салынады.


Соңғы жаңалықтар